ТКШ

Қаладағы 60 аулаға балалар ойын алаңқайы орнатылады

Жаңадан орнатылған әткеншектерді көрген балғындардың қуаныштарында шек жоқ. Барлығын кезек-кезекпен теуіп көруде. Әсіресе, кішкентай балақайлардың жүздері бал-бұл жанады. Сөздерінше, бұл сәтті көптен бері армандап жүріпті.

– Маған жаңа ойын алаңқайы қатты ұнады. Әсіресе, мына әткеншек көңілімнен шықты. Өзінің түсі де әдемі.

– Бұл жер өте әдемі. Кішкентай балаларға да ұнап жатыр. Сәулетшілер жақсы жасаған. Формалары әр түрлі.

– Маған бәрінен де әткеншектер ұнады. Енді аулаға күнде шығып осы жерде құрбыларыммен ойнайтын боламын.

Ғабит Мүсірепов көшесі 4 мекенжайында балалар ойын алаңқайы бұрын-соңды болмаған екен. Сол себепті, ұл-қыздар әткеншек тебу үшін көрші аулаға баруға мәжбүр болыпты. Ал ол жерде онсыз да адам көп.

1 апта бұрын ата-аналардың өтініші ескеріліп, аула адам танымастай өзгерді. Түрлі түсті әткеншек, үйшік пен сырғанақтар орнатылып, үй маңайына қайтадан жан біткендей.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Шілде айының басында бізде қала бойынша балалар алаңқайын орнату жұмыстары басталды. Жалпы, бір алаңның ішіне 9 элемент кіреді. Олар: сырғанайтын, ойнайтын элементтер.

Жаздың соңына дейін қалада 60 аулаға жаңа ойын алаңқайы орнатылады.

Алтынай Казиканова