МТРА жаңалықтары

Сайлауға 3 күн қалды

Асылзат Сәлимова – өз ауылының нағыз жанашыры. Тайынша ауданына қарасты Зеленый гай селосына нәзікжанды 1988 жылы қоныс аударған. Содан бері елді мекеннің дамуына ат салысып келеді. Алдағы сайлауды асыға күтіп жүргені де сондықтан. Жылдан-жылға гүлденіп жатқан ауылды одан әрі құлпыртатын әкім керек бізге дейді.

Асылзат Сәлимова, Зелёный гай селосының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Біздің ауылымыз өте әдемі әрі таза. Сайланатын жаңа әкім осы бағыттағы шаруаны әрмен қарай жалғастырса дейміз. Тағы біраз уақыт бізді әбігерге салып жүрген проблема бар. Ол – жол мәселесі. Аудан орталығынан селоға қатынау оңай емес. Осы базынамызды ескеріп, тиісті жұмыстар жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді.

Халық саны 1400-ден асатын болашағы мығым елді мекенде жолмен бірге су мәселесі де қатар жүр. Тұрғындардың сөзінше мұндағы тіршілік көзі тұзды. Бұл ауылдықтардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, жұртшылық сайлауда жеңіске жететін жаңа әкімге үлкен үміт артып отыр. Дәлірек айтқанда, таза ауызсуды әр үйге кіргізіп, жағдайды қаламен теңестіруді арман етуде.

Ольга Туровская, Зелёный гай селосының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Бізге ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сауатты, батыл басшы керек. Мұндай әкімді таңдау – биыл біздің қолымызда. Сондықтан, ауылдықтарды сайлауға белсене қатысуға шақырамын.

 

Роза Бодаева, Зелёный гай селосының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Менің жасым 70-тен асты. Еліміздегі біраз өзгерістерді көрдім. Айтарым, ауылдық округ әкімдерін таңдау құқығын халыққа беру – өте дұрыс шешім. Себебі, мемлекеттің дамуы мен гүлденуіне барша халық ат салысуы қажет.

Аталған селолық округке Зеленый гайдан бөлек, Новогречановка ауылы да кіреді. Қос елді мекенде барлығы 2 мыңға жуық адам тұрады екен. Оның ішінде 1200-і жексенбі күні саяси науқанға ат салысады. Ал Тайынша ауданы бойынша азаматтық борыштарын орындауға 3800-ге жуық тұрғын ниеттеніп отыр.

Вера Шаповалова, Тайынша аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Биыл Тайынша ауданы бойынша 5 селолық округке жаңа әкім сайланады. Тіркеуден барлығы 16 кандидат өтті. Үміткерлердің бесеуі саяси партиялар атынан қатысуда. Қалғандары өз-өздерін ұсынды. Саяси науқан 12 елді мекенде жүргізілмек. Сайлау учаскесі әрбір ауылда жұмыс істейді.

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бар-жоғы екі-ақ күн қалды. Үміткерлер өздерінің сенімді өкілдерімен бірге ауыл тұрғындарымен соңғы кездесулерін өткізіп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырулары қажет. Бұл мақсатқа әр қатысушыға 220 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Ал аудандық маңызы бар қала әкімдігіне кандидаттарға 230 мыңнан үлестірілді. Сенбі ел бойынша тыныштық күні жарияланады. Яғни, үгіт-насихат шараларына шектеу қойылмақ. Шілденің 25-і ел тарихындағы тұңғыш ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылы 73 жаңа басшы тағайындалмақ.

Эльмира Садвокасова