Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Биыл көп фермер мен шабындығы бар кәсіпкерлер маусым- шілде айларында болған аптап пен құрғақшылықты сылтау етіп, шөп тапшы деп оның бағасын қымбаттатып жіберген. 20-дан астам қойы мен бірнеше ірі қарасы бар Явленка елді мекенінің тұрғыны Асхат Сағұлов ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатқанын есітіп бірден орталыққа келіпті. Айтуынша мұндай бағамен жемазық табу қазір мүмкін емес.

Асхат Сағұлов, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Жемазық алуға келдім. Қойларым қазір жайылымда. Қысқа әзірлік керек. Маған 4 тоннаға жуық шөп қажет. Қазір кезекте тұрмын.

Жәрмеңкеге келіп, жергілікті аграрилермен тілдескен облыс әкімі Құмар Іргебайұлы биыл облыс тұрғындары жемазықтан таршылық көрмеуі керек деді. Сондай-ақ, мал азығының бағасын көтермеуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шөптің бағасы былтырғы бағамен сатылу керек деп есептеймін. Біз барлық шаруа қожалықтарының шығынын есептей келе шөптің тоннасын 15 мың теңгеден саудалау керек деген шешімге келдік. Бір ірі қараға қысқы мезгілінде 1,5 тонна шөп кетеді. Пай иесі болсын, қарапайым тұрғын болсын, осы нормаға сай сатылуы керек.

Отынның текше метрі былтырғыға қарағанда 500-700 теңге шамасында қымбаттаған.

Валерий Соколовский, «Есіл» орман шаруашылығының директоры:

– Отынның бағасы арақашықтыққа қарай әртүрлі. Мысалы, жақын маңдағы ауылдардан тапсырыс түссе оларға арзандау, ал шалғайдағы елді мекендерге қымбаттау бағамен жеткіземіз. Бұл жерде жанармайдың бағасы есепке алынады.

Аймақ басшысы отын бағасын тұрақтандыру керектігін айтып, бұл мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта орман алқаптарын ағаштан түрлі өнім шығаратын кәсіпкерлерге беру қажеттігін баса айтты. «Өткен аптада облыс аумағында бір айлық мөлшердегі жаңбыр жауып, егіншілікке зор пайдасын тигізді. Тиісінше биыл жем-шөп жетіспеушілігі сынды проблема болмауы тиіс. Барлығы біз жоспарлағандай болса, орақ науқанынан кейін жерін қуаңшылық жайлаған батысқазақстандық ағайынға да қол ұшын созуды жоспарлап отырмыз», – деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Орақ науқаны басталғаннан кейін көрерміз. Қазір өтініш түсіп отыр. Батыс Қазақстан облысына көмек жасауды жоспарлап отырмыз, бірақ оны орақ науқанының нәтижесі көрсетеді.

Алдағы аптада облыстың басқа аудандарында да осындай жәрмеңкелер өткізілмек. Мақсат – қарапайым халыққа қысқа қамдануына мүмкіншілік жасау.

Данаш Хамзина