ТКШ

Петропавлдағы көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын ба

Ағымдағы жылдың ақпан айында бұл үйде құбыр жарылып, апат орын алды. Салдарынан қақаған қыста Жамбыл Жабаев көшесі мекенжайындағы 123 үйдің тұрғындары 4 күн жылусыз қалған еді. Абырой болғанда, мәселе қалалық әкімдіктің көмегімен шешілді. Осы ретте “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің мамандары үйдің жылыту маусымына дайындығын пәтер иелері кооперативі бақылауында ұстауы керек екенін ескертеді.

Николай Мартыненко, қала тұрғыны:

– 20 ақпан күні үйімізде апат болды. Себебі, пәтер иелері кооперативі тиісті жұмыстарды уақытында жасамады. Бұл немқұрайлық қой. Жарайды, мен үлкен кісімін бала-шағам менімен тұрмайды. Ал, балалары барлар ше? ПИК төрайымы жұмысына немқұрайлы қарамау керек. Сәл болсын жауапкершілік болу керек қой.

Сондықтан, күзге дейін жылыту маусымына дайындалуға асыққан жөн. Дегенмен, серіктестік өкілдері барлық баспанаға жылу береміз дейді. Алайда, қыста сол жерлерде апат орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Құбыр жарылып, жүйе істен шығуы әбден мүмкін. Бұзылғанды ретке келтіру үшін уақыт пен қаржы кететінін ұмытпаған абзал.

Виталий Холоша, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:

– Жылыту маусымына 1 қыркүйек күні барлық үйлер дайын болуы керек. Құбырларды жуып-шайып, ескіргенін ауыстыру қажет. Тұрғындар өз баспаналарына өздері жауапты. Жауапкершілікпен қарау керек. Өкінішке қарай, бұны бәрі түсіне бермейді. Бүгін, міне, шілденің соңы, ал қаладағы көпқабатты үйлердің 50 пайыздан кемі ғана жылыту маусымына дайын екенін білдіретін паспорттарын тапсырды.

Пәтер иелері кооперативі төрайымының сөзінше, Жамбыл Жабаев көшесі 123 мекенжайындағы тұрғындардың кейбірі қызметтерге қажетті соманы беруден жалтарады. Бүгінде берешек 2 млн теңгеге жеткен екен.

Алтынай Казиканова