Бизнес және экономика

Ауыл тұрғыны мемлекеттік қолдаумен наубайхана ашты

Наубайханадағы жұмыс күні таңғы 5-те басталады. Істің басы-қасында кәсіпкер Светлана Егорованың өзі жүреді. Нәзікжанды тәтті тоқаш пен бәліштердің рецебін өзі ойлап табады екен. Әр тапсырысты ерекше қылып шын жүректен жасауға тырысамыз дейді.

Светлана Егорова, кәсіпкер:

– Мен бұрын асханада жұмыс істедім. Сол кезде аспазымыз 1 айға жазғы демалысқа шығып бара жатып маған: «Тамақ пісіру қолыңнан келеді ғой, менің орныма тоқаш дайындай тұршы», – деп өтініш білдірген еді. Сөйтіп, алғашқы тәтті нан өнімдерін дайындадым. Кейін барлығы мақтау сөздерін жаудырды. Содан бері ұнмен жұмыс істеу сүйікті ісіме айналды.

Светлана Егорова тәтті тағам жасаудан алдына жан салмайды. Ол бір нанның ішіне ірімшік, кептірілген өрік немесе ет қосып дайындай береді. Наубайханада тоқаштың 10 түрі бар. Салындысын клиент өзі таңдайды екен. Светлананың қолымен жасалған тағамдар Есіл ауданы тұрғындарының арасында зор сұранысқа ие.

Үйімізде бір мейрам болса, ойланбастан Светланаға хабарласып, бәлішке тапсырыс беремін. Өнімдерінің дәмі тіл үйіреді.

– Мен өзім 2 рет тапсырыс беріп көрдім. Аз уақыттың ішінде дайын болды. Әсіресе, қантты тоқаштары ерекше ұнады.

Наубайхананың ашылғанына 1 жыл болыпты. Бастапқыда шағын бөлмені жалға алған. Кейін тапсырыс көптеп түскендіктен, кәсібін одан әрі дамытамын деп шешіпті. Осы ретте «Бастау» жобасы арқылы мемлекеттен қаржылай көмек алмақшы болады. Нәтижесінде салық төлеу тәртібі мен қаржыны қалай тиімді жұмсау қажеттігін меңгерген.

Светлана Егорова, кәсіпкер:

– Маған алғашында несие бермеді. Өйткені, бағдарлама кәсіпті бастағалы жатқандарға арналған. Кейін карантин уақытында мамандар хабарласып, қаржы алуға болатынын айтты. Дереу қажетті құжаттарды жинап, 6 млн теңге алдым. Оған ісімді кеңейтіп наубайхана аштым, тиісті құрал-жабдық сатып алдым.

Наубайханада Светланадан бөлек, ұлы мен жолдасы жұмыс істейді. Ер азаматтар тапсырыстарды жан-жаққа таратады. Биыл Есіл ауданында тағы 15 адам адам қаржылай қолдау алып, жеке істерін бастамақ. Негізінен, тұрғындардың бастамалары ауыл шаруашылығына қатысты екен.

Бауыржан Қайрула, Есіл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Үстіміздегі жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 23 млн теңгеге 7 шағын несие рәсімделді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қолдауына 8 адам ие болды. Жалпы, аталған бағдарлама – кәсіпкерлер мен жеке ісін бастағысы келген жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені, тұрғындар 7 жылға 6 пайызбен тиімді несие ала алады.

Айта кету қажет, биыл Есіл ауданында 38 адам «Бастау» жобасы бойынша оқыту курстарынан өткен.

Алтынай Казиканова