Бизнес және экономика

Биыл 800-ден астам теріскейлік “Бастау” жобасына қатысады

Қала тұрғыны Татьяна Мезенцева – мамандығы бойынша тігінші. Осы сала бойынша жергілікті тігін мекемелерінің бірінде біраз еңбек еткен. Бірақ, өз бизнесін ашуды нәзікжанды бұрыннан ойластырып жүріпті. Бұл арманын жүзеге асыру үшін қаржы көзін тауып, жеке кәсіп тізгіндеудің қыр-сырын үйрену қажеттігін Татьяна жақсы түсінген. Сол себепті, жерлесіміз “Бастау” жобасына қатысқан. Қазір шағын болса да өз ісін ашып, сөмке тігумен айналысуда.

Татьяна Мезенцева, жеке кәсіпкер:

– Алғашқыда өзіме сөмкелер тігіп жүрдім. Содан кейін құрбыларым тапсырыс бере бастады. Менің қолымнан шыққан дүниелер олардың көңілінен шықты. Осылайша, осы салада өз кәсібімді бастауды жөн көрдім. “Бастау” курстарын толығымен өтіп, 583 мың теңге көлемінде грантқа ие болдым.

Бұл ақшаға Татьяна екі тігін мәшинесін алған. Қазіргі таңда ательеде өзі жалғыз жұмыс жасауда. Алдағы уақытта жанына көмекші алуды жоспарлап отыр екен. Жалпы, “Бастау” жобасы биыл Татьяна сияқты 800-ден астам жерлесімізге кәсіп ашуға демеу болмақ.

Әсел Самаратова, облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылай қолдау бөлімінің сарапшысы:

– Биыл “Бастау” жобасы аясында қатысушыларды оқытудың 4 легі болады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 3-ші легі оқу курстарын аяқтады. Барлығы – 732 жан. Олардың 120-на шағын несие берілген, ал 200-ден астамына грант бөлінген. Бизнестің қыр-сырына оқыту 21 күнге созылады. Осы аралықта қатысушы 82 видеосабақтан және ақтық тестілеуден өтеді. Ең соңында өзінің бизнес-жобасын жазуы тиіс.

Мамандардың сөзінше “Бастау” жобасы болашақ кәсіп иелерінің 4-ші легін 19-шы шілдеден бастап қабылдап, оқытпақ.

Алдияр Айтпаев