Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысында сумен қамту мәселесі талқыланды

Ауылдағы ағайынды таза ауызсумен қамту күні бүгінге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өңірде бұл бағытта біраз іс тындырылған. 2011 мен 2020-ның аралығында 2,4 шақырым жерге құбыр тартылды. Бұл бағытқа 47 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Нәтижесінде сапалы тіршілік нәрі 62 елді мекенге жетті. 259 ауылды ауызсумен жабдықтау жетілдірілді. Бүгінде 248 мың тұрғыны бар аймақтағы 402 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Өткен 2020 жылы сумен жабдықтауға 6 жарым млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде ұзындығы 335 шақырымды құрайтын желі жаңғыртылып, 3 мыңға жуық тұрғын үйге таза ауызсу тартылды. Бүгінде өңірде ауыл халқының сапалы тіршілік көзімен қамтылу деңгейі 82 пайызға жетті.

Ал 51 мың тұрғыны бар 233 ауыл ауызсудан таршылық көріп отыр. Биыл тіршілік көзіне қолжетімділікті арттыру үшін 11 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған екен. Бұған 174 шақырым желі жөндеу көрмек. Яғни, бір жылдың ішінде тағы 49 елді мекен таза ауызсумен қамтылады. Айта кетейік, бүгінде облысымыздағы 233 елді мекен топтық су құбырына тәуелді. Осы ретте “Топтық желілердің тұрақты жұмыс істеуі аса маңызды” – деді өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңірдегі топтық су құбырларының ұзындығы 3077 шақырымды құрайды. Ауқымды жүйені жаңғыртып тұруға бюджеттен жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Алайда, жүктелген міндет кейде дұрыс орындалмайды. Салдарынан ауылдағы ағайын жылдап сапалы ауызсу күтуге мәжбүр.

Соколов топтық су құбырының құрылысы 2018 жылдан бері созылып келеді. Мердігер жауапсыздық танытып отыр. Өз міндетіне жүрдім-бардым қарайтын серіктестікпен не себепті әлі күнге дейін келісім шарт бұзылмаған?

Өңір жетекшісі бұл мәселенің шешімін бақылауға алып, реттеуді тапсырды. Сондай-ақ, жиын барысында жуырда ғана іске қосылған 2-ші кезектегі Преснов су топтық құбырына қатысты сөз қозғалды. 20 күн бұрын қосылған су құбыры жақсы жұмыс істеп тұр деді, “Есіл су” филиалы директорының міндетін атқарушы Никита Забавин.

Никита Забавин, “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалы директорының міндетін атқарушы:

– 2-ші кезектегі Преснов су топтық құбырының іске қосылуының нәтижесінде 18 елді мекенге су жетті. Қазір ауыл тұрғындары тіршілік көзін үйдің ішіне дейін тартып жатыр. Ал 1-ші кезектегі Преснов су топтық құбырының реконструкциясына келетін болсақ, тиісті жұмыстар басталып кетті. Ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Бұл шаруа 2022 жылға дейін толығымен аяқталуы тиіс. Нәтижесінде 20 мың тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады.

Әкімдік отырысында тағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы талқыланды. Биыл түлектер үшін маңызды сынақ өзгеше форматта өтті, яғни электронды түрде. Жастардың тестілеуді өзі тіркелген учаскеден бөлек, ел бойынша кез келген қосында тапсыруға мүмкіндіктері болды. Бұл ретте 200-ден астам солтүстікқазақстандық түлек сынақты Көкшетау қаласында тапсырыпты. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы тест толтыруға сыныппен емес, түлектің өзі жалғыз кіруіне рұқсат етілді

Гүлмира Кәрімова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жаңашылдықтың арқасында түлектер тестілеуді 2 ай ішінде тапсыра алды. Естеріңізде болса, бұрын емтихан 3 күнге ғана созылатын. Сондай-ақ, 11-ші сынып оқушыларына сынақтан бір емес, екі рет өтуге мүмкіндік берілді. Осылайша, грант ойнатылатын конкурсқа түлектер алған ең жоғарғы нәтижесін ұсынды.

Жалпы, үстіміздегі жылы 2 жарым мың теріскейлік түлек маңызды сынақтан өтті. 38-і 120-дан астам ұпай жинаған. 301-і 100 ұпайдан асырған. 195 оқушы сынақтан сүрінген. Сөз соңында айта кетейік, биыл жергілікті университет пен колледждерге 4 жарым мың грант бөлінген.

Дана Ешкенова