МТРА жаңалықтары

Есіл ауданында 7 ауылдық округке жаңа әкім сайланады

Биылғы сайлау ерекше. Осыған дейін селолық округ әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары тағайындайтын. Ал енді ауылдағы ағайын өз басшыларын өздері таңдамақ. Есіл ауданы бойынша әкім лауазымынан барлығы 25 кандидат ниеттеніп отыр. Үміткерлердің 8-і еліміздің саяси партиялары атынан қатысуда. Қалған 17-сі өз-өздерін лайық деп таныпты.

Қуанышбай Рахиев, Есіл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Бесқұдық, Бұлақ, Заградовка, Корнеевка, Николаевка, Петровка, Явленка ауылдық округтері әкімдерінің 4 жылдық мерзімі аяқталады. Есіл аудандық сайлау комиссиясынің күнтізбелік жоспары бекітілді. 26-маусымнан 9-шілдеге дейін өзін-өзі ұсыну жұмысы басталады.

Өз-өздерін ұсынған кандидаттар жергілікті халықтың кемінде 1 пайызының қолдауын иеленуі тиіс. Әйтпеген жағдайда келесі кезеңге өтпейді. Бүгін кешкі 8-де үміткерлерді тіркеу аяқталды.

Қуанышбай Рахиев, Есіл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:

– 9 жарым мың халық сайлауға қатысады. Дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүргізілуде. Учаскелік комиссиялар жұмыстарын бастап кетті.

Ертеңнен бастап үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Үміткерлерге тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстыру үшін республикалық бюджеттен 220 мың теңге бөлінген. Шілденің 24-і шара тоқтатылып, “тыныштық күні” жарияланады. Ал ағымдағы айдың 25-ші жұлдызында ауылдық округтердің жаңа әкімдерінің есімі белгілі болады.

Эльмира Садвокасова