Алдағы 5 жылда 80-ге жуық инвестжоба жүзеге асырылады

Аптадағы маңызды жаңалықтар

22:45 13 Шілде 2021

СҚ – инвестициялық климаты қолайлы аймақ. Бірнеше жыл бұрынғы бұл гипотеза аксиомаға айналды. Алдағы 5 жыл ішінде өңір бойынша 75 әлеуеті жоғары жоба жүзеге асырылады. Аталған мақсатқа 1,8 трлн теңге бағытталмақ. Жоспар ауқымды, бірақ дәл қазір атқарылып жатқан шаруа да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, ауыл шаруашылығы секторына инвестиция құю бойынша біздің аймақ – көшбасшы. Бүгінде аграрлы сала бойынша бақандай 26 жоба қолға алынып, жақын арада іске қосылады.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Облысты дамытудың кешенді жоспары аясында инвестжобаларды іске асыруға қосымша 15 млрд тг бөлінді. Нәтижесінде аграрлы саланың 6 бағыты бойынша 17 жобаны қаржыландыру мүмкіндігі туды. Импортты алмастыру мақсатында 2 құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Біреуі Аққайың ауданында орын теппек. Қазір Еуропадан қондырғылар жеткізіліп, нысан тұрғызылуда. Бастапқы уақытта жылына – 2 мың, кейін 5 мың тонна бройлер еті өндірілмек.

Екінші кәсіпорын Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка селосында орналасады. Бүгінде өндіріс ошағының іргетасы қаланыпты, жоспар бойынша қыркүйекте жұмысын бастайды. Қос зауыт іске қосылғанда өңірдің құс етіне деген сұранысы толық қанағаттандырылмақ. Сүт өнімдерінің қажеттілігі де 100 пайызға жабылмақ.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Республика бойынша 35 сүт-тауарлы ферма іске қосылды. Оның әрбір үшіншісі, яғни 12 кәсіпорын біздің өңірде тұрғызылған. Қазір 16 өндіріс ошағының құрылысы жүргізіп жатыр. 10 ферманы жыл соңына дейін қолданысқа тапсырамыз.

Сәйкесінше жиналатын ғана емес, өңделетін сүттің де көлемі артады. Қазір “Еуразиан милк” пен “МаслоДел” серіктестіктері жаңғыртудан өтіп жатыр. Соңғысында ауқымды шаруаға 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аппараттар жеткізіліп, іске қосылуда. Модернизациялау жұмыстары аяқталғанда кәсіпорын 8 жаңа сүт өнімін шығаратын болады.

“ЕМС агро”-да қажетті қондырғыларды әкеліпті. Серіктестік шошқа кешенін кеңейту жұмыстарын тамыз айында тәмамдайды. Өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы 10 мың тонна етті құрамақ. Бұл ел бойынша ең ірі шошқа кешендерінің бірі ретінде танылып отыр.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– “Радугаға” қарасты “Зеленый север” серіктестігі де инвестжобаны қолға алды. Кәсіпорын жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарына кірісті. 5 млрд теңге көлемінде қаржы құйылмақ. Жылына – 1300 тонна қияр, 1460 тонна қызанақ пен 170 тонна салат өсіріледі. Осылайша көкөністердің өңірдегі бағасын төмендетуге септеспек.

Қуантарлық жаңалық “Тайынша май” зауытында да бар. Өндіріс ошағы өткен жылы майды терең өңдеуге арналған цехтің құрылысын бастады. Бүгінде монтаждау жұмыстары өз мәресіне жетіпті. Нәтижесінде кәсіпорында өңделетін майдың көлемі 15 пайызға ұлғаяды.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың маусым айында май экстракциялау зауытының құрылысы басталды. Жобаны іске асыруға 15 млрд теңге инвестиция құйылды. Жылына кәсіпорын 370 мың тонна шикізат өңдейтін болады. 200-ден аса жерлесіміз екі қолға бір күрекпен қамтылмақ.

Екі бірдей кәсіпорынның арқасында өңірде өсірілетін майлы дақылдардың 90 пайызы өңделмек. Бүгінде көрсеткіш тек жартысын ғана құрайды. Астықтың қалған 50 пайызын шикізат күйінде экспортқа жөнелтіп, біраз пайдадан қағылудамыз.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы инвестициялық жобалар бір жолға қойылды. Енді келесі жылға дайындалу қажет. Аудан әкімдері, ірі аграрийлермен сөйлесіп, болашақ сүт-тауарлы ферманың жоспарын дайындаңыздар. Қаржыландыру бойынша мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – барлық елді ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз ету! Бұл қолымыздан келеді!

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Өңірдің 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды
Өңірде «Северный бройлер» құс фабрикасы салынып жатыр
Облыс әкімі тұрғындарды онлайн қабылдау өткізді
Мамлют, Жамбыл пен Есіл аудандарының 18 елді мекені ауызсумен қамтылды
Шал ақын ауданында спорттық-сауықтыру кешені ашылды
Өңірге келген Сенат депутаттары бірқатар нысандарды аралады
Облыс әкімі 6 айда атқарылған шаруа бойынша есеп берді
Аққайың ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті
Өңірде мал азығы мен азық-түлік жәрмеңкесі өтті
Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы өтті
Туған ауылын көркейткен іскер азамат
Шілденің 25-і ауылдық округ әкімдері сайланады