COVID-19: Қазақстан

Есіл ауданының 70 жастағы тұрғыны коронавирусқа қарсы екпе алды

Төлеген Мұқашев – Есіл ауданының құрметті азаматы. Осында дүниеге келді, осында өсіп-өнді. Мемлекеттік қызметте 30 жылдан астам еңбек еткен. Оған дейін ауыл шаруашылығында тер төккен. Аудан игілігі үшін жұмыс істеді, ауылдастарына үлгі болды. Үнемі өзгелерден бұрын белсенділік танытатын қария осы жолы да қалыс қалған жоқ. 65 жастан асқан жандарға коронавирусқа қарсы екпе егуге болатынын ести сала зайыбын ертіп вакцина алып келген.

Төлеген Мұқашев, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бірінші екпені алар кезде сәл қобалжыдық. Екіншісіне барарда әуелде болған күмән сейіліп кетті. Сенімді түрде тиісті вакцинаны қабылдап шықтық. Спутник-V-ді таңдадық. Менің ойымша, енді отбасымның да, туған-туыстарымның да коронавирусқа қарсы қорғанышы бар.

Негізі, Есіл ауданында вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. 5 ауылдық округте дәрігерлік амбулатория бар. Халқы аз елді мекендерге екпе егу үшін арнайы бригада барып тұрады. Ең алдымен ауылдағы фельдшер тиісті тізім құрады, кейін сол тізімді аудандық ауруханаға жолдайды.

Анжелина Кругленко, Явленка аудандық ауруханасының дәрігер-сарапшысы, Есіл ауданы:

– Екпе алуға ниетті жандардың тізімі құралды деген кезде бізден арнайы бригада шығады. Кез келген елді мекенге бара аламыз. Мәселен, түске дейін өтінім түссе, түстен кейін жолға шығамыз.

Аудан тұрғындары 3 вакцинаның бірін таңдай алады. Олар: қазақстандық QazVac, ресейлік Спутник-V және қытайлық CoronaVac.

– Мен Спутник-V-д қабылдадым. Жуырда екіншісін алдым. Өзімді жақсы сезініп жүрмін.

– Бұған дейін Хаят бар кезде соны қойғызып алғанмын. Басында әлсіздік болды. Дәрігерлер бұл қалыпты әсер деді. Деннің саулығы – өз қолымызда, негізі, вакцина алған дұрыс деп ойлаймын.

Аудан тұрғындарының дені екпені аудандық ауруханаға келіп алады екен. Әлбетте, мұнда ауылдағы жағдайға қарағанда ыңғайлы шаралар қарастырылған. Кезек күтуге арналған кең зал бар, адамға екпені қойғанға дейін және қойғаннан кейін жағдайын учаскелік медбике бақылап отырады. Күніне вакцина қабылдауға көп дегенде 300-ге дейін адам келеді екен. Ауруханадағы вакциналау кабинеті сағат таңғы 9-дан бастап кешкі 9-ға дейін ашық. Бүгінге дейін 4 мыңнан астам адам екпе алған. Ең үлкені 90 жаста.

Данаш Хамзина