Статистикаға сүйенсек, бүгінде Петропавлдағы жастардың саны 38 мыңнан асады. Оның басым бөлігі мектеп пен жоғарғы оқу орындарында оқыса, қалғаны жұмыс істеп жатыр. Кезекті отырыста талқыға түскен алғашқы тақырып 15 бен 29 жас аралығындағы жастар жайында. Нақтырақ айтсақ, олардың арасындағы жұмыссыздық пен баспана мәселесіне қатысты. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраевтің айтуынша, петропавлдық жастардың 3 мыңға жуығы – еңбектенуге құлықсыз NEET категориясындағы адамдар.
Азат Ибраев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда біз NEET санатындағы жандардың аты-жөндері бойынша тізім жасап жатырмыз. Бүгінге дейін 400-ге жуық адам анықталып отыр. Осындай жағдайға түсулерінің басты себебі адамдармен, яғни жұмыс берушімен тіл табыса алмауларынан екен. Бұған жүргізілген сараптама кезінде көзіміз жетті.
Сол себепті, биыл ішкі саясат бөлімінің мамандары қос мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Басты назар – әрине, жастарда.
Азат Ибраев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Алғашқысы – «Үздік шебер-2021» кәсіби шеберлік байқауы. Конкурс 1 млн 785 мың теңгеге ойнатылды. Негізінен, құрылысшы, сантехник, электрик сынды жұмысшы мамандарды көбейту мақсатында қолға алынып отыр. Өйткені, қазіргі таңда бұл салада қызметкерлердің тапшы екендігі баршаға мәлім. Ал екіншісі қаламыздағы волонтерлікті одан әрі дамытуға бағытталған. Оған 1 млн теңге қаражат бөлінді.
Жалпы, қазіргі таңда ішкі саясат бөлімінде 5 мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылуда»,- дейді Азат Ибраев. Нашақорлықпен және жемқорлықпен күрес бойынша тағы 3 бағдарлама әзірленуде. Отырыс барысында Петропавлда 1-ші жартыжылдықтағы бюджеттің кіріс-шығысы туралы да айтылды. Қалалық қаржы бөлімінің басшысы Марат Ерхановтың сөзінше, білім мен спорт мекемелері облыстық бюджетке көшіріліпті.
Марат Ерханов, қалалық қаржы бөлімінің басшысы:
– Жергілікті бюджетке түскен 20 млрд теңгеге жуық қаражаттың барлығы игерілді. Сондай-ақ, жоспар бойынша республикадан 4 жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Қазіргі күні ол түгелдей көзделген мақсатқа жұмсалды.
Ал қала сыртындағы мұсылман зираттарының аумағында ағарту жұмыстары жүргізілген. Қақпалары сырланып, 20 тақтай ауыстырылыпты. Одан бөлек, бей-берекет өсіп кеткен шөп де шабылған екен. Православ зираттарының аумағы күл-қоқыстан тазартылыпты.
Айдар Қуандықов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Зираттардағы қоқысты жинау жұмыстарына 5 адамнан 2 бригада мен 4 техника тартылды. Барлығы – 43 тонна қоқыс шығарылды. Жұмысшы кентіндегі зиратқа аумаққа тәулік бойы бақылау жүргізетін бейнекамералар орнатылды және күзетші қойылды.
Новопавловка кентіндегі зиратқа келер болсақ, мұнда 6 ай ішінде 500 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Ай соңына дейін 600 шаршы метр аумаққа қоршау салынады.
Алтынай Казиканова