БілімҚұрылыс

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі білікті мамандар даярлауда

Артем Рахимьянов өткен жылы 9-шы сыныпты бітіріп, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне түскен. Дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алып жатқан жас қазір оқу ордасында тәжірибеден өтуде. Мұнда жастар үшін заманауи қондырғылармен жабдықталған арнайы шеберхана бар. Бұл жерде олар істің қыр-сырын жіті меңгереді.

Артем Рахимьянов, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі студенті:

– Дәнекерлеуші мамандығын бекерден-бекер таңдаған жоқпын. Қазір көбі қара жұмыстан қашады. Өңірде онсыз да кадр тапшы. Бұл кәсіп түрі өзіме ұнайды. Бір жылдың ішінде колледж қабырғасында біраз дүние үйрендім.

Бұл – тас қалау шеберханасы. Мұнда жастар құрылыс саласының әліппесімен танысады. Ғимараттың іргетасын қалауды, қабырғасын көтеруді меңгереді. Әр кірпіш белгілі бір тәртіппен қойылады. Владислав Пятунин жас болса да бұның барлығын жақсы біледі. 20-дағы жігіт – тас қалаушы. Дипломын өткен жылы қолға алған. Білімін тағы толқытрығыс келеді. Қазір “Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру” мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Владислав Пятунин, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Қазіргі кезде тас қалаушылар аса сұранысқа ие. Өзім “Основание” серіктестігінде еңбек етемін. Қаладағы бірнеше үйді тұрғызуға қатыстым. Ары қарай білімімді, аз да болсын тәжірибемді арттыру үшін колледжге қайта оқуға түстім. Бұл жолы өзге мамандықты таңдадым. Екі кәсіп бір-бірімен тығыз байланысты. Келешекте жоғары оқу орнына түскім келеді.

Құрылыс саласын бұрымдылар да танып жатыр. Сәлима Бекмұрзаева – болашақ техник-құрылысшы. Қазір 3-ші курста. Жазғы демалыста қол қусырып отырмас үшін жақында ғана өндірістік тәжірибеден өткен кәсіпорынға жұмысқа тұрыпты.

Сәлима Бекмұрзаева, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті: 

– Өндірістік тәжірибеден “Стройсервис” серіктестігінде өттім. Практика кезінде өзімді жақсы көрсете білгендіктен басшылық мені жұмысқа шақырды. Келесі жылы қолыма дипломымды алған соң Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындардың біріне түсіп, “Архитектор” мамандығын меңгеру ойда бар. Өмірімді құрылыс саласына арнағым келеді.

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі – өңірде дуалды оқыту жүйесін қолға алған 22 оқу орнының бірі. Студенттер білім алуға белгіленген уақыттарының 60 пайызын аудиторияда емес, қаладағы өндіріс ошақтарында өткізеді. Айта кетейік, тәжірибеден өту еңбек өтілі ретінде саналады.

Жазира Асаинова, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:

– Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде 400-ден астам жас білім алады. Өткен жылы колледжге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше шеберхана аштық, заманауи қондырғылар орнаттық. Қаладағы ірі өндіріс ошақтарымен жасасқан келісім шартымыз бар. Жастар соның аясында тәжірибесін сол кәсіпорыннан өтеді әрі жұмысқа орнала алады.

Биыл Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінен құрылыс саласына қатысты 6 мамандық бойынша 160-қа жуық түлек түлеп ұшқан. Оның 60 пайызы жұмыспен қамтылды.

Дана Ешкенова