COVID-19: Қазақстан

СҚО-да 5-шілдеден бастап карантиндік шектеулер енгізіледі

Шілденің 5-інен бастап облыс аумағында қайтадан карантиндік шектеулер енгізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Атап айтсақ, енді жабық нысандардағы бильярд, боулинг, балалар ойын алаңқайлары мен банкет залдарының қызметі уақытша тоқтатылады. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты түнгі 12-ге дейін қысқарады. Театр және кинотеатрлар, концерт залдарының толымдығы 20%-дан аспауы қажет. Бұған басты себеп – індеттің қайтадан бас көтеруі. Өткен тәулікте өңірімізде 27 адам қауіпті індет жұқтырған. Жаңа жағдайлардың ішінде ел арасында үрей туғызған “үнді” штамына тән мутация да анықталды. Қазір облыста жастардың жиі ауыруы байқалады. Өңірдегі ахуал дүйсенбіден бері сары аймаққа қарай жақындап келеді. Дерттің алдын алу үшін бүгінде коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау жүргізіліп жатыр.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Бүгінгі таңда 130 мыңға жуық адам екпенің бірінші компонентін қойдырды. Иммундау шарасының толық кезеңінен 72 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өтті. Аймақтағы медицина қызметкерлерінің барлығы вакцина салдырған. Ал педагогтардың – 69 пайызы, мемлекеттік қызметкерлердің – 70, полицейлердің 97 пайызы екпе қойғызған.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Стационарға ауыр жағдайда жеткізіліп жатқандардың барлығы – вакцина алмағандар. Қазіргі таңда инфекцияға қарсы екпе салып, барынша сақтық шараларына құлақ асу қажет. Бүгінде өңірде вакцинаның 4 түрі бар. Барлығы жеткілікті мөлшерде. Жетіспеушілік байқалмайды. Препараттардың барлығы бірдей әсер етіп, індеттің алдын алуға септеседі.

 

Алтынай Казиканова