Петропавлда елорда күніне орай челлендж ұйымдастырылды

Мәдениет

19:28 2 Шілде 2021

Бас қаланың салыну тарихы мен дамуы жайлы жазылған. Лариса Губашеваның «Нұр-Сұлтан – менің астанам» атты шығармасын халық алдында оқуға Айдарбек Бегенов ұзақ уақыт дайындалыпты. Туынды да тегіннен таңдалмаған көрінеді. Ардагер көп өлеңнің арасынан жанға жақын, тілге жеңіл, құлаққа жағымдысын іздепті. Ақыры, осы шығармаға тоқталған.

Айдарбек Бегенов, «Ардагерлер қатарындағы волонтерлер» жобасына қатысушы:

– Өлең жолдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астанамыздың бой көтеруіне қосқан елеулі үлесі жайлы да баяндалады. Бір оқып шыққаннан өзіме ұнады. Сол себепті, бүгінгі кездесуде осы шығарманы оқимын деп шештім. Көптен бері қалың көпшілік алдында сөз сөйлемегеннен болар, аздап қобалжығаным да рас. Бүгінгі іс-шараға өзім ғана емес, зайыбыммен келіп отырмын.

Арман қала атанған Елордамыз биыл 23-ші туған күнін тойламақ. Бүгінгі кездесуге жиналған белсенді ардагерлердің барлығы – Нұр-Сұлтанның пайда болып, біртіндеп дамығанына куә болған жандар. Олар бірінен соң бірі әсем шаһардың құрметіне арнап шығарылған өлең жолдарын оқыды. Оның бой көтеруі жайлы әңгіме қозғап, өзара пікір алмасты.

Анастасия Волкова, «Ардагерлер қатарындағы волонтерлер» жобасының үйлестірушісі:

– Бүгінгі челленджге 12 адам қатысып жатыр. Олардың барлығы – қоғамдағы іс-шараларға белсене араласып, жас буынға ақыл-кеңесін аямайтын зейнет жасындағы жандар. Жалпы, «Серебряное волонтёрство» жобасы кеше ғана қолға алынды. Бүгінде тобымызда 28 адам бар.

Бүгінгі мерекелік челлендж ардагерлер тобының – алғашқы кездесуі. Алдыңғы толқын өкілдері алдағы уақытта қоғам игілігі үшін тың жобаларды қолға алуды жоспарлауда.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз

Ғ.Мүсірепов ауданында 2 мәдениет үйі күрделі жөндеу көрген
Елорда күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылды
Қызылжарда қолға алынатын жобалар жайлы айтылды
Облыстың ҚХА-ның Елорда күніне арнауы
Ұлттық домбыра күніне орай концерт ұйымдастырылды
Облыстық қуыршақ театрында – премьера