МТРА жаңалықтары

Өңірде аптап ыстық апта бойы сақталады

Дана Сәлімқызы:

-Қазір сынап бағанасы 28 градусты көрсетіп тұр. Мұндай ыстықта көбі далаға шықпауға тырысады. Ал кейбір жандар өзен-көлдердің жағасында күнге күйіп, суға шомылуда.

Қапырық ыстықта шомылып, салқындасам дейтіндердің бірі – Евгений Григорьев. Ер адам “Пестрое” көліне жанұясымен келіпті. Әйелі күнге қыздырынуда, ал өзі болса балаларымен бірге суға түсіп жатыр. “Мұндай ауа райында үйде жату мүмкін емес”,- дейді қала тұрғыны.

Евгений Григорьев – қала тұрғыны:

-Соңғы күндері біздің өңірде күн ыстық болып тұр. Мысалы, бүгінгі температура 30 градусқа жақындайды. Осындай қапырықта үйде отыра алмай, көлге келдік. Су жып-жылы. Балаларым судан шыққысы келмейді.

Көл жағасында адам көп. Барлығы ыстықтан қорғану үшін шомылуға келген.

-Осындай ыстық күндері салқын сусын ішемін. Күннің көзі өтіп кетпеуі үшін бас киім киіп жүремін.
-Қапырықта саяжайға баруға тырысамын. Ондағы үйдің іші салқын немесе көлге келіп шомыламын.

Ыстықтың көкесі әлі алда. Қазгидромент мамандарының болжамы бойынша алдағы бір-екі күнде сынап бағанасы 42 градусқа дейін көтеріледі.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

-30-шы маусым мен 2-ші шілде аралығында температуралық фон жоғарылайды деп күтілуде. Осыған байланысты дауылды ескерту хабарландырылады. Маусымның 30-ы күні күндіз өңірдің басым бөлігінде 35-38 градустық ыстық күтіледі. 1-ші және 2-ші шілдеде кей жерлерде 40-42 градус өте ыстық болады. Осы орайда өте жоғары өрт қаупі күтіледі.

Қазгидромет өкілдері де ыстықтан қорғануға кеңес береді. Әсіресе, созылмалы аурулары бар жандарға үйден жиі шықпау қажет дейді.

Дана Ешкенова