Мәдениет

“Абылай хан резиденциясы” музей кешеніндегі ерекше көрме

Алтынай Қазиқан – тілші

– Музейдегі жәдігерлерді қолмен ұстауға болмайды. Заттармен қашықтықтан танысу қажетпіз. Талап солай. Алайда, бүгін мұндағы қызметкерлер көзі нашар көретін жандар үшін ерекше көрме ұйымдастырып отыр. Келгендердің барлығы құнды дүниелерді ұстап, жақынырақ таныса алады. Олардың ішінде ата-бабаларымыздан қалған көне 5 қару да бар.

Көрмеге жиналған қауым әр жәдігермен мұқият танысып шықты. Сипап-сезу арқылы олардың неден жасалып, мамандардан қандай жағдайда қолданылатынын сұрастырды. Қару-жарақтан бөлек, бұл жерге кесе, астау, күбі және домбыра сынды көне дүниелер қойылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар экскурсиядан ерекше әсер алып, бір серпіліп қалғандарын айтады.

Алмагүл Әбдірахманова – қала тұрғыны:
-Экскурсия өзіме қатты ұнады. Хандардың, батырлардың қолданған қару-жарақтарын ұстағанда қуанып қалдым.  Кезінде ата-бабаларымыз осы қарулармен елімізді, жерімізді қорғаған.

Зинаида Тетюеваның көз жанары 2-ші сыныпта бүліне бастапты. Өсе келе алыстан нашар көретін болған. Өзі – кітапханашы. Көптен бері мұражайға келгісі келіп жүріпті. Бүгін қазақ халқының қолөнеріне тамсанғанын айтады. Құнды бұйымдармен егжей-тегжейлі танысып шыққан ол: «Барлығы ұқыпты, әдемі жасалған»,- дейді. Әсіресе, осыдан 100 жыл бұрын істелген астау көңілінен шыққан екен.

Зинаида Тетюева – қала тұрғыны:

-Осындай көне жәдігерлердің бұзылмай, сақталып қалғаны көңіл қуантады. Заттарға қарап қазақ халқының мәдениетімен тереңірек таныстым. Шыны керек, таңырқап тұрмын. Менің ойымша, экспонаттар ешқашан жойылмай, келер ұрпаққа да жетеді.

Жалпы, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде мұндай көрме алғаш рет өткізіліп отыр. Мұражайда мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін жайлы сезіну үшін тиісті жағдай жасалған екен.

Назгүл Бейсембина – “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:

-Көзі нашар көретін жандарға тактильді плиткалар орналастырылған. Және қабырғаларда көрсеткіш бағыттары бар. Музейге кіретін есікке қоңырау орнатылған. Тірек-қимыл жүйесіне зақым келген адамдарға арнайы баспалдақ қарастырылған.

Алдағы уақытта музейде құлағында мүкісі бар жандарға арналып көрме ұйымдастырылмақ.

Алтынай Казиканова