Денсаулық сақтауҚоғам

Биыл облысқа 2 МРТ аппараты жеткізіледі

Заман игілігінің екеуі облыстық көпбейінді ауруханада орналасқан. Алғашқысы 2008 жылы орнатылыпты. Екіншісі былтыр іске қосылды. Мұндағы ақхалаттылар күніне 30 адамға дейін қабылдайды. Оларды аппаратқа жатқызып, ішкі құрылысын тексереді. Қазір
мамандар кезекті пациентті қарауда. Нәзікжандының бел тұсы ауырады екен. Қымбат қондырғының көмегімен дәрігерлер ауру орнын дөп басып айта алады. Мұндай процедура Любовь Пунько есімді жанға да қажет. Қала тұрғыны миын тексертуге жолдама алыпты.

Любовь Пунько – қала тұрғыны:

-Мен МРТ-ға тамыз айына жазылдым. Маған миым мен тамырларымды тексерту керек. Алайда, кеше мамандар хабарласып, келе беруіме болатындығын айтты. Кезек біраз жылжыпты. Басында неге ұзақ деп сұраған едім. Дәрігерлердің айтуынша, аудандардан келетін адамдар көп. Ал қазір жұмыс біршама жылдамдатылған екен.

“Былтыр жаңа аппарат орнатылған соң кезек саны біршама қысқарған. Науқастардың санын назарда ұстау үшін аудандық ауруханалармен ұдайы байланысып отырамыз” – дейді бас дәрігердің бірінші орынбасары Асхат Молжігітов.

Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің бірінші орынбасары:

– Біз науқастармен күнделікті хабарласып, жағдайларын сұрап отырамыз. Аурудың қауіптілігіне қарай олардың арасында іріктеу жүргіземіз. Жедел тексеруді қажет ететін адамдарды алға шығарамыз. Кейбір жандар басқа орталықтарға ауысып жатады. Нәтижесінде орнына өзгелері келеді. Әзірше, бізге 2 аппарат жеткілікті.

Облысымызда бұдан бөлек, тағы 3 МРТ аппараты бар. Оның біреуі – онкологиялық орталықта, қалған екеуі – «MEDICAL FORTE» мен «BECНET» диагностикалық орталықтарында. Өңіріміздің кез келген тұрғыны осылардың барлығында тегін процедурадан өте алады. Ол үшін сақтандырылған болуы шарт. Ал сақтандырылмаған азаматтар 1 процедураға 13 мың мен 30 мың теңге аралығында ақша төлейді. Яғни, баға диагностиканың қиындығына байланысты өзгеріп отырады. Кейбір жағдайда жеңілдік те қарастырылады.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Магниттік-резонанстық томография арқылы неврологиялық аурулардың барлығын анықтауға болады. Заман игілігінің көмегімен мойынның жұмсақ бөлігі, ми және омыртқа бөліктерін толық сканерлей аламыз. Мәселен, «ZEIN INVEST» филиалында сақтандырылмаған жандар үшін кешкі сағат тоғыздан – 10 пайыздық, ал түнгі он екіден кейін 20 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Жаңа ғана айтылған аппараттардың ең жаңасы осы онкологиялық орталықта тұр. Мұндағы қондырғы биыл 27-ші мамыр күні әкелініпті. Оны орнату үшін жеке инвестор 620 млн теңге қаржы құйған.

Виталий Комаров – «ZEIN INVEST» ЖШС филиалының директоры:

-Біздің кабинет тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар мұнда таңғы 8-ден келесі таңғы 5-ке дейін отырады. Тұрғындар кезкелген уақытта келе береді. Сақтандырылған жандар дәрігердің жолдамасы бойынша тегін қызмет алады. Аппараттың ішінде ыңғайлы жату үшін жақында 2 мың долларға шу өткізбейтін құлаққап алмақшымыз.

Аймағымызда магниттік-резонанстық томографияға кезекке тұру уақыты бұрын 2 жарым айды құраған екен. Қазір ол 2 аптаға немесе 5 күнге дейін қысқарған. Облыс орталығына биыл тағы 2 заман игілігі жеткізілмекші.

Бердимурат Баймухан