The YouTube ID of Insert video URL or ID here is invalid.
Мұндағы ванналардың ішінде уылдырығы пісіп-жетілген 400 тұқы балығы жатыр. Әрқайсысының салмағы 14 келіге дейін жетеді. Мамандар тіршілік иелері тынықсын деп бетін жауып қойыпты.
Уақыты келген тұқылардың уылдырығы осылай табиғи жолмен алынады. Ешқандай құрал-жабдық қолданылмайды. Бір балықта шамамен 300-800 мың данаға дейін уылдырық болады екен. Одан соң мамандар үстіне су құйып бір сағат бойы араластырады. Бұл процесс барысында олар бір-бірінен ажыратылып, араларында желімге ұқсас сұйықтық жойылады екен.
Анастасия Молоткова – Петропавл балық питомнигінің цех меңгерушісі:
-Егер уылдырықтарды суға араластырмасақ бір-біріне жабысып қалады. Содан ары қарай дами алмай, қырыла бастайды. Тұқы – жылулықты сүйетін балық. Сондықтан, іске қажетті судың температурасын үздіксіз бақылап отырамыз. Тіпті, 1 градус та төмен болмауы қажет.
Сырт көзге бәрі оңай секілді көрінгенмен, уылдырығы бар суды қозғаудың өзі аса мұқияттылықты талап етеді. Суды не тез, не ақырын араластыруға болмайды. Барлығы бір қалыпта орындалуы қажет. Абайлық танытпаса, тұқым езіліп қалуы мүмкін. Ең соңында уылдырықтар «Вейс» аппаратына жіберіледі. Қондырғының сыйымдылығы – 8 литр. Мұндағы температура +18 градустан төмен болмауы керек.
Анастасия Молоткова – Петропавл балық питомнигінің цех меңгерушісі:
-Қондырғыдағы су үздіксіз ауыстырылып отырады. Инкубациялау кезінде де уылдырықтар қозғалып тұруы қажет. Белгілі бар талаптар орындалғанның өзінде уылдырықтың шамамен 50 пайызы ғана тірі қалады. Ал қалған әлсіздері жаңа орынға бейімделе алмағандықтан тіршілігін тоқтатады.
3 тәулік өткен соң тірі қалған уылдырықтар шабақтарға айнала бастайды. Кейін олар бассейнге жіберіледі. Балықтар әлі тым әлсіз, ұзақ уақыт бойы жүзе алмайды. Сол себепті, мамандар тіршілік иелері шаршаған кезде тынықсын деп судың ішіне қамыс салып қояды екен. Тұқылар бассейнде күзге дейін сақталады. Одан соң Петропавл және Сергеев су қоймаларына жіберіледі.
Маржан Касымбек