779 млрд теңге. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 2020 жылы тапқан пайдасы. Биыл көрсеткіш артуы тиіс. Себебі, аграрлы секторды дамытуға бөлінетін көңіл де, қаржы да, мүмкіндіктер де үстіміздегі жылы көбейді.
Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
-5 айда 65,7 млрд тг өнімі шығарылды. Жалпы, егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрайды. Соның ішінен 900 мың гектарға майлы дақыл егілді. Бүгінде 1,6 млн га 101 мың тонна тыңайтқыш себілді.
2020-да СҚ минералдық тыңайтқыштарды сіңіру бойынша ел көлемінде үздік деп танылды. Аграрийлер көшбасшылықтан биыл да дәметіп отыр. Жыл соңына дейін диқандар алқаптарға 160 мың тонна препарат себеді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 20 пайызға жоғары. Техника паркі мен қондырғылардың бестен бірін жаңартты. Заманауи трактор, тұқым сепкіш пен комбайндар көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік бермек. Сондықтан, бұл бағыттағы шаруа әрмен қарай жалғасады. Өсімдік өсірумен бірге соңғы жылдары төрт түлік санын арттырып, ет пен сүт өнімдерін көбірек алуға басымдықда берілуде.
Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Соңғы 3 жылда жаңа 12 сүт-тауарлы ферма ашылды. Биыл тағы 16-сының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 10 кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылмақ. Уәлиханов пен Ақжар аудандарында 13 мың бас ірі қараға арналған 2 ірі бордақылау алаңы тұрғызылуда. «EMC-Агро» серіктестігі де қазір шошқа өсіру кешенін кеңейтіп жатыр.
Құс етінің өндірісі де бір жолға қойылмақ. Өңірде қуаттылығы жылына 6 мың тонна етті құрайтын 2 бірдей бройлер фабрикасы іске қосылады. Құс демекші, жыл басынан облыстағы кәсіпорындарға 1,3 млн бас балапан жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 700 мыңы әкелінеді. Яғни, жұмыртқа шығару динамикасы қайта қалыпқа келмек. Шикізат өндіру ісі – бір бөлек, оны сол күйі шетелге экспорттамай, өңдеу – басқа әңгіме. “Масло-Дел” серіктестігі сүт шығаруға арналған 2 жаңа желіні іске қосқан. Алдағы уақытта қаймақ дайындауға арналған қондырғылар да жұмысын бастайды. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 119 мың тоннаға дейін тауар өндірмек.
Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– “Евразиян Милк” Германия мен Швейцариядан жеткізген қондырғыларды іске қосып жатыр. Көп ұзамай өндіріс ошағы сүт өңдеу мен ірімшік дайындауға кіріседі. Сондай-ақ, алдағы уақытта “Зеленый Север” серіктестігінің жылыжай кешені тұрғызылады. Кәсіпорын 3,7 гектар алқапқа қияр мен қызанақ өсіреді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов
2021-дің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндіру көлемі 4 пайызға артады деп отыр. Межеге жету үшін үкімет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Биыл солтүстікқазақстандық аграрийлерге мемлекеттен 48 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінді.
Эльмира Садвокасова