МТРА жаңалықтарыСпорт

Петропавлда семсерлесу спортынан республикалық жарыс өтіп жатыр


Қолда – семсер, үстерінде – қорғаныс киімі, ал бастарында – дулыға. Залда қызу айқас өтіп жатыр. Қарама-қарсы тұрып, бір-бірін спорттық жабдықпен түйреген спортшылардың додасында құлақ тұнады. Қазір финалдық жолдама сарапқа салынып жатыр. Ортада алматылық және елордалық спортшылар күш сынасуда. Оңтүстік астанадан келген жастардың шеберлігі сырт көзге бірден байқалады. Шапшаң қимылдаған олар семсерді қарсыластарының денесіне қайта-қайта тигізіп, ұпай еншілеуде.

Ереже бойынша әр командада 3 адамнан өнер көрсетеді. Олар қарсыластарынан бірінші болып ұпай санын 15-ке жеткізу керек. Жеңіске алматылықтар біртабан жақын тұр. Қазір Жанат Нәбиевтің асығы алшысынан түссе, ұжымы финалға шығады. Спортшы үмітті ақтады. Ол бәсекелесін ойсырата ұтып, құрамаға жеңіс сыйлады.

Жанат Нәбиев – жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:

– Бұған дейін жекелей сында 5 қарсыласпен кездестім. Финалда өзіміздің алматылық балаға ұтылдым. Қазір командамен сынға түсудеміз. Бізге финалда Шымкент не Алматы облысының жастары лайықты қарсылас бола алады деп ойлаймын.

Келесі жартылай финалда осы қос ұжым кездесті. Көп ұзамай Алматы қаласы құрамасының ақтық кезеңдегі қарсыласы да белгілі болды. Олар – шырайлы Шымкенттің жастары. Айта кету қажет, бұндай ірі дода Петропавл төрінде алғаш рет өтуде. 5-ші жазғы ойындардың семсерлесу спортынан ұйымдастырылған жарысқа 9 облыстан 200-ге жуық ұл-қыз жиналған.


Жансерік Тұрлыбеков – жарыстың бас төрешісі:

-Жарысқа 2001 жылғы және одан да жас спортшылар қатысуда. Жекелей сында Алматы қаласының спортшылары ерекше көзге түсті, 2-ші орын – шығысқазақстандықтарға, ал 3-ші орын шымкенттіктерге бұйырды. Жалпыкомандалық нәтижелер доданың соңғы күні, яғни алдағы жексенбіде белгілі болады. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Бүгінгі жарыста бақ сынап жатқан кейбір спортшылар Петропавлдан бірден Қарағанды қаласына аттанбақ. Мұнда 14-15 жас шамасындағы ұл-қыздар арасында ел біріншілігі өтеді.

Алдияр Айтпаев