Денсаулық сақтау

Өңірде 43 мыңнан астам адам иммундау шарасының толық курсынан өтті

Өңірде соңғы тәулікте тәжді вирус 11 адамның бойынан табылды. Әдеттегідей науқастардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Облыс орталығында COVID-19-ды 9 тұрғын жұқтырып алған. Қалған екі жағдай Аққайың ауданында тіркелді.

 Меруерт Атамбаева – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

-Өңірдегі эпидахуал күннен-күнге тұрақталып келеді. Қыс мезгілінде бір тәулікте 100-ден астам жағдай тіркелсе, қазір 20 жайттан аспайды. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақты қылып ұстау үшін тұрғындарды иммундау шарасына қатысуға шақырамыз. Вирустың жұқтыру фактілерін азайту үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыруымыз қажет.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін облыс тұрғындарының 60 пайызы вакциналануы қажет. Теріскейде иммундау шарасы ақпан айынан бері жүріп жатыр. Үш екпенің бірін таңдауға болады: қазақстандық “QazVac”, ресейлік “Спутник V” және Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған қытайлық “HayatVax” препараты. Бүгінге дейін 79 мыңға жуық солтүстікқазақстандық вакцина қабылдаудың алғашқы кезеңінен өтті. Екінші компонентін де салдырғандардың саны 43 мыңнан асады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Атамбаеваның сөзінше өңірде вакцина қоры жеткілікті.

Меруерт Атамбаева – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

-Қазір облыс бойынша “Спутник V” вакцинасының 1-ші компонетінің 25 мыңнан астам дозасы бар. “QazVac”-тың 800-ге жуығы және “HayatVax”-тың 16 мыңнан астам дозасы бар. 2-ші компоненттері де жетерлік.

Сөз соңында айта кетейік, вакцинаның қос компонентін де салдыртқан жандарға біршама жеңілдіктер жасалады. Яғни, ел көлемінде жүріп-тұруға еш кедергі жоқ. Олардан ПТР тест талап етілмейді.

Дана Ешкенова