Ауыл шаруашылығыҚоғам

Биыл өңір ормандарында 2 млн 780 мың көшет отырғызылады

Тікендері өте нәзік, биіктігі 5 см болатын бұл өсімдік – гүл емес, қарағай. Көзіміз жайқалып өсетін екіметрлік ағашқа үйренгендіктен, сену қиын. Бірақ, бірнеше жылдан кейін мына өскіндер де орман мен трасса бойында ауаны тазартып, желге теңселіп тұрады. Ал, әзірге, кішкентай жасыл желектердің орны – жылыжай.

Тимур Зверяченко – М.Қозыбаев атындағы СҚУ доценті:

– Жылыжайда негізінен қылқан жапырақты ағаштарды өсіреміз. Себебі, олардың артықшылықтары өте көп. Экологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, ауаны тазарту көрсеткіші жоғары. Әрі қайыңмен салыстырғанда қарағайдан отынды көбірек алуға болады. Бұл – тұқымы көктемде себілген жасыл желектер. Бүгінге дейін біразы көтеріліп қалды.

Жақын арада қарағайлар бір айға далаға шығарылады. Осылайша біртіндеп сыртқы климатқа бейімдеу процесі басталады. Ал өскіндердің биіктігі 15 см-ге жетіп, түйнегі қатая бастағанда орманға отырғызылмақ. Жылыжайдағы жасыл желектердің орнын басқа өскіндер басады. Қазір мамандар қарағай мен сағызқарағайдың келесі легін дайындауда. Ағаш тұқымын себу процес күрделілеу. Арнайы кассеталар шымтезекпен толтырылады. Материалды жылыжай қызметкерлері Ресейден арнайы тапсырыс беріп алдыртыпты. Кейін кассеталардың ортасынан шұңқыр жасалады.

Шұңқырларға дән себіліп, үстінен вермикулитпен жабылады. Шақпақ тас тұқымның тамыр жіберуіне септеседі екен. Себебі, минералдың ауа өткізгіш қасиеті жоғары. Осымен ағаш егу ісі тәмам. Енді оған лайықты күтім қажет. Өскіндердің шығымдылығы жақсы болуы үшін бірнеше техниканы ұстану керек дейді мамандар.

Тимур Зверяченко – М.Қозыбаев атындағы СҚУ доценті:


-Жасыл желектерді әдеттегідей арамшөптен тазалаймыз. Егер топырақ үстін мүк басса, онда кассеталарды суаруды доғарып, кептіреміз. Міндетті түрде жерге табиғи минералды тыңайтқыш сіңіреміз. Одан бөлек, экологиялық таза фунгицидпен өңдейміз. Ағаштардың тез өсуіне септесетін препарат қолданамыз.

Жылыжайда жасалған жағдайдың арқасында өскіндер жарты-ақ жылдың ішінде шығып, орманға отырғызылуға дайын болады. Әдетте, бұған 2 жыл уақыт қажет екен. Мамандар химиялық өнімдерді мүлдем қолданбауға тырысады. Сондықтан, фунгицид болсын, тыңайтқыш болсын – табиғи таза баламасын іздейді.

 Эльмира Сәдуақасова – тілші:


-Кейбір көшеттердің қасынан жайқалып тұрған саңырауқұлақтарды байқауға болады. Олар мұнда бейберекет өсіп тұрған жоқ. Мамандар қалпақты өсімдіктерді жасыл желектермен бірге әдейі отырғызады екен. Неге десеңіз, саңырауқұлақ тамыры арқылы қылқанжапырақты ағаштарға қажет минералды тыңайтқышты синтездейді. Ал өзі ағаш тамырынан глюкоза алады. Қысқасы, бұл қос жаққа тиімді симбиоздың үлгісі деуге болады.

Саңырауқұлақтың минералды тыңайтқыш ретіндегі қасиеті тамырынан 100 метр қашықтыққа жайылады екен. Биыл мамандар қалпақты өсімдіктің екі түрінің микоризасын Ресейден сатып алған. Қазір өнім қарағайларды өсіруге арналған шымтезекпен араластырылуда. Жасыл желектер орманға жеткізілгенде саңырауқұлақтар да бірден жайқалып шыға келмек. Айта кету қажет, биыл жылыжайға 500 мың көшет егілді. Қыс келгенше олардың барлығы аумағы 100 гектар тоғайға отырғызылады. Қысқасы, қарағай өсіру ісі мұнда бір жолға қойылған. Ботаниктерді енді жаңа эксперимент қызықтыруда.

Тимур Зверяченко – М.Қозыбаев атындағы СҚУ доценті:

-Жылыжайдағы ассортиментті кеңейтуге кірістік. Бұл ретте әлеуеті жоғары ағаштарды отырғызудамыз. Мәселен, климаты СҚ-ға ұқсас Канада жаңғақ өсірумен айналысады. Бұл істен мол пайдаға кенеледі. Сондықтан, жаңғақ ағашының 10 түрін отырғыздық. Бүгінде алтауы шықты. Мәселен, талшын, яғни каштан ағашын алайық. Жасыл желектен жылына 1 тоннаға дейін жаңғақ алуға болады. Өнімнен сапасы жоғары ұн дайындалады.

Каштаннан бөлек, мамандар фундук, қара және ланкастер жаңғағын өсіруде. Сондай-ақ, апробациядан өткізуге канадалық құрма мен алмұртты да әкеліпті. Өңір омарташыларының сұрауымен плантацияда ақ қарағанның да мыңға жуық өскіні орын тепті.

Эльмира Садвокасова