Құрылыс

Жас өркен ықшам ауданында көпқабатты 11 үй салынып жатыр

Шамамен 3 жыл бұрын Оқушылар сарайы орналасқан аумақтың кейпі мүлде басқаша болды. Салынғандарына жарты ғасырдан астам уақыт өткен жер үйлердің кейбірі құлайын деп тұрды. Көп ұзамай олар сүрілді, орындарында заманауи нысандар тұрғызылды. Іс әлі де жалғасуда. Мәселен, мына жердегі құрылыс жұмыстары өткен жылдың тамызында бастау алды.

Істің 60 пайызға жуығы тындырылыпты. Нақтырақ айтсақ, 1 мен 6-шы қабат аралығындағы пәтерлердің іші бөлініп, есік-терезелері қойылған. Қазір мамандардың бір бөлігі нысан ішін сырлап жатыр. Ал басқалары үстіңгі қабаттардың кірпішін қалауда. Іске жергілікті «Стройкомпания» серіктестігі жауапты.

Виктор Шевченко – «Стройкомпания» ЖШС құрылыс жұмыстарының шебері:

-Құрылысқа қажетті материалдардың барлығы – отандық. Бір ғана мәселе туындап тұр. Кадр жетіспеушілігі қатты байқалады. Көбі құрылыс алаңында қызмет еткісі келмейді. Сондықтан, шаруаны уақытылы аяқтау үшін мамандарымыз 2 есе көп тер төгуге тура келеді.

Іс таңғы 9-да басталып, кешкі 6-ға дейін жалғасады. Мұнда 50-ге жуық адам еңбек етуде. Егер жұмыс осындай қарқынмен атқарылса, құрылыс 2 айда соңына жетеді деп жоспарлануда.

Хайдар Атажанов – «Стройкомпания» ЖШС директоры:

-Нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бағытталған. 9 қабатты ғимараттың ішінде 144 пәтер орналаспақ. 2 бөлмелі пәтердің аумағы – 56, ал 3 бөлмелі пәтердікі 68 шаршы метрді құрамақ.

Пәтерлер тұрғындарға «Отбасы банк» арқылы үлестірілмек. Бірақ, қазіргі таңда қандай бағдарлама бойынша табысталатындығы беймәлім. Айта кеткен жөн, бүгінде Жас өркен ықшам ауданында көпқабатты 11 баспана салынып жатыр.

Маржан Касымбек