Ауыл шаруашылығыҚоғам

Уәлиханов ауданының әкімі есеп берді

Күні кеше өңірде көктемгі дала жұмыстары аяқталды. Солтүстікқазақстандық диқандар 4 млн 300 мың гектарға алтын дән сіңірді. Соның 203 мың гектары Уәлиханов ауданына тиесілі. Мұнда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 126 мың, майлы дақылдар – 46, ал азықтық дақылдар 29 мың гектарға себілген. Қауырт науқанға 130-ден астам ауылшаруашылығы техникасы тартылған. “Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісінде еш қиындық туындаған жоқ”,- дейді аудан әкімі Қайрат Пішенбаев.

Қайрат Пішенбаев – Уәлиханов ауданының әкімі:

-Қолайлы ауа райы жағдайында жақсы өнімге қол жеткіземіз деген сенімдеміз. Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жаңа 91 техника (717 млн теңгеге) сатып алынды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ке артық (77 техника).

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері мен фермерлік шаруашылықтар 190 бас асылтұқымды ірі қара сатып алған екен. Оның ішінде 60-тан астамы алыс шетелдерден жеткізілген. Үстіміздегі жылы бұл салада жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба іске асады деп күтілуде. Тың бастамалардың нәтижесінде 7 мың 600 бас мал сатып алынбақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 есеге көп.

Қайрат Пішенбаев – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Өткен жылы 100 басқа арналған алғашқы сүт-тауарлық ферма Қулыкөл ауылында іске қосылған еді. Биылғы жылы мұндай ферма Кішкенекөл ауылында пайда болады. “Жолдасбай Агро” фермерлік шаруашылығы 1200 басқа арналған сүт-тауарлық ферманы тұрғызбақ. Жобаның жылдық қуаттылығы 6 мың тоннаны құрайды.

Былтыр ауданда 51 шақырым жол жөнделіп, 10 ауылға су тазалау жүйесі орнатылған. Нәтижесінде аудан халқының 95%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізген. Сонымен қатар, елді мекендердің 70 пайызы жарықтандырылыпты. Өткен жылы 5 бірдей ауылға ұялы байланыс пен интернет желісі тартылды. Биыл да біраз оң өзгеріс орын алады.

Қайрат Пішенбаев – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Кішкенекөл тұрғындарын көптен бері мазалап келген мәселе биыл шешіледі. Аудан орталығында негізгі деген 7 көше күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы, 340 млн теңгеге 8 шақырым жол қалыпқа келтіріледі. Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл елді мекендері арасындағы жол жөнделеді. Сондай-ақ, биыл 4 мыңнан астам тұрғыны бар 4 ауылды ұялы байланыспен және сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз.

Соңғы жылдары ауданда тұрғын үй құрылысының оң динамикасы байқалады. Биыл “Еңбек” бағдарламасы аясында 309 млн теңгеге 38 үй салу жоспарланып отыр. Оның жиынтық көлемі – 7 мың 422 шаршы метр. Нәтижесінде 300-ден астам адамның баспана мәселесі шешімін табады.

Дана Ешкенова