Ерiктiлер

Қарттарға көмек

 

Анатолий мен Клавдия Плетухиндер – 90-ның табалдырығын аттаған жандар. Бір ұл мен бір қыз өсіріп, ел қатарына қосқан. Қазіргі таңда сол балалары жырақта тұрады. Ата-аналарына сирек келеді екен. Ал үй шаруасы мен бау-бақшаны қарауға зейнеткерлердің күш-қуаты жетпейді.

Клавдия Плетухина – қала тұрғыны:

– Балаларымның келмегендеріне көп болды. Үйдің алдында шөп өсіп кетті. Оны өзіміз жұла алмаймыз. Ара-тұра әлеуметтік көмек қызметкерлері келіп көмектеседі. Дәрімізді, азық-түлігімізді әкеп береді.

Бүгін қарттарға жасылелдіктер көмекке келді. Қыз-жігіттер айналаға жайылған ағаш бұтақтарын қырқып, бей-берекет өсіп кеткен шөпті жұлуда. Сондай-ақ, айналаны күл-қоқыстан тазартуда. Негізі, қаламызда жасылелдік еріктілердің 3 тобы бар. Олардың қалған 2 тобы қазір өзге жерде еңбек етуде. Жастардың басты мақсаты – мүгедек, зейнет жасындағы жандарға қолғабыс ету. Ажар Сыздықова жақында 10-шы сыныпты тәмамдады. Белсенді кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуді міндеті санайды.

Ажар Сыздықова – “JE SKO” жасағының сарбазы:

-Еріктілікпен айналысып жүргеніме жарты жыл болады. Ал “Жасыл ел”-дің қатарында 2 айдан бері жүрмін. Біз қарт адамдардың үйіне барып, көмек береміз. Олар бізге не істеу қажеттігін өздері түсіндіреді. Жұмыстың түк қиындығы жоқ, бастысы ынта болса болғаны.

Волонтерлер сәуір айынан бері көмекке мұқтаж 30-ға жуық шаһар тұрғынына қолғабыс еткен. Алдағы уақытта да көмек сұраған теріскейліктерге жәрдем жасауға дайын. Еріктілерге 39-70-16 немесе 39-70-17 нөмірі бойынша хабарласып, көмек сұрауға болады.

Алдияр Айтпаев