МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жыл басынан Петропавлда 10 көлік отқа оранған  

 

Өткен жылы мына көліктің сымдарында қысқа тұйықталу болып, алдыңғы жағынан өрт шыққан. Қазір түкке де жарамай жай тұр. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бұндай жайттар көбінесе темір тұлпар тізгіндеген жандардың немқұрайлылығынан туындайды. Осы орайда мамандар рейд өткізіп, көлік иелеріне сақтық шараларын түсіндірді, жаднама таратты.

Даниэль Саркисян – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

-Әр жүргізуші қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануы қажет. Өйткені, қауіп ең алдымен жүргізушінің өзіне және айналасындағы адамдарға төнуі мүмкін. Өз мүлкіне салғырт қарау, қарапайым қағидаларды ұстанбау – өрттің бас көтеруіне басты себеп.

Қазір көлік иелерінің көбісі темір тұлпарларын газға ауыстырып жатыр. Бұл бензинге қарағанда анағұрлым арзанға түсетіні анық. Дегенмен де қырағалықты күшейту қажет дейді мамандар. От жақын болса өрт шығуы мүмкін. Фильтр мен түтіктерін де ауыстырып отыруды ұмытпау қажет. Әйтпеген жағдайда ыстық күндері қызыл жалын бас көтеруі ықтимал. Статистикаға сүйенсек, қазір көлік тізгіндеген теріскейліктердің 40% көгілдір отынмен жүреді. Жерлестеріміз бекерден-бекер газға таңдау жасамайды. Бензин күн өткен сайын қымбаттап жатыр.

Еркебұлан Жүнісов – “Бейбарс газ” ЖШС инженері:

-Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін баллонды толтырмау керек және 10 мың шақырым жүрген сайын газ құрылғысының фильтрін ауыстырып отырған жөн. Техникалық тексерісті де ұмытпау қажет. Кемінде темір тұлпардың жай-күйін жарты жылда бір рет тексерген абзал.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде 10 көлік отқа оранған. Оның екеуі – жүк, қалғандары – жеңіл темір тұлпарлар. Көбіне өрт сымдардың қысқа тұйықталуынан шыққан. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпепті.

Алдияр Айтпаев