Ауа райы

Өңірде маусым айында найзағай ойнап, бұршақ жауады

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Мамырда күн қатты ысып, сынап бағанасы +38 градусқа дейін көтерілді. Жаңбыр да жауған жоқ. Қазіргі таңда жауын аса қажет. Тіршілік нәрі себіліп жатқан алтын дәннің өсуіне септесері сөзсіз. Жағдайды Қазгидромет өкілдерінен сұрадық. Мамандар маусым айында жауын-шашын мөлшері норма шамасында болатындығын мәлімдеді.

Жаздың алғашқы айында теріскейліктерге суға шомылуға асықпаған жөн. Өйткені, айдың алғашқы онкүндігінде аса ыстық болмайды. Ауа температурасы күндіз 15-20 градустан кейбір аумақтарда 25-ке дейін көтерілуі мүмкін. Кейін 22-ден 30-ға дейін жоғарылайды деп күтілуде. “Баршамыз асыға күткен жаз мезгілінің ыстығы айдың екінші онкүндігінде білінеді”,- дейді синоптик мамандар.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 5-10 градус жылыға, күндіз 15-20-ға дейін төмендеуі болжанады. Содан кейін ауа температурасының түнде 18-23, күндіз 30-35, кей жерлерде 38 градусқа дейін біртіндеп жоғарылауы күтілуде. Онкүндіктің соңында ауа температурасы төмендейді.

Маусым айында кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжануда. Табиғаттың бұл құбылысы көбіне екінші және үшінші онкүндікте байқалуы мүмкін. Сондай-ақ, маусымда өңірде бұршақ аралас жаңбыр күтілуде.

Гүлзат Ғазизова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

-Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 8-13 градус жылыға, күндіз 20-25, кей жерлерде 17 градус жылыға дейін одан әрі төмендеуі болжанады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 13-18 градус жылыға дейін, күндіз 28-33 градус жылыға дейін жоғарылауы күтілуде.

Шуақты жаздың алғашқы айы желді болады.

 

 

 

Алтынай Казиканова