Аяулым, арманымдай асылым ең. Бірі білсе, бірі біле бермейді, елге танымал әнші Роза Бағланова айтқан әннің сөзін солтүстікқазақстандық ақын жазған. Талай жыл өтсе де ескірмейтін туындының авторы – Есләм Зікібаев.
Жазира Көкбас – М.Қозыбаев атындағы СҚУ ТжӘИ қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы:
– Есләм Зікібаев 1936 жылы Есіл ауданы Өрнек ауылында дүниеге келген. Ол кісінің шығармашылық жолы журналистикадан бастау алған. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Ұлан», «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет етті.
«Ақ қайыңдар», «Аққу-арман», «Ақ айдын», «Ақ сағым». Жиынға қатысушылардың айтуынша Есләм Зікібаев ақ түске ерекше мән берген көрінеді. Сондықтан болар, бірнеше өлеңін осы сөзден бастаған екен. Кіндік қаны тамған жер «Өрнек» ауылы жайлы да ет-жүрегі тебірене жырлаған. Махаббат, сұлулық туралы да қалам тербепті. Балаларға арнап жазған өлеңдері әдеби кітаптардан орын тепкен.
Сәния Нұрсейітова – Есләм Зікібаевтің қарындасы:
– Студент кезінде газетте өлеңдері шығып тұратын. Сонда қатты қуанатынбыз. Біз әкесіз жетім өстік. Сол кісінің қамқорында болдық. Жақсы аға еді. Әке орнына әке болды. Біз оны «папа» дейтінбіз. Каникулда ғана келетін.
Жерлесіміздің ақындығы бір төбе болса, аудармашылығы да ауыз толтырып айтарлық. Эстон, қырғыз, қарақалпақ ақындарының талай өлеңін қазақ тіліне тәржімалаған. Есләм Зікібаевті елге танымал жазушы Әзілхан Нұршайықов ерекше құрмет тұтқан екен.
Жазира Көкбас – М.Қозыбаев атындағы СҚУ ТжӘИ қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы:
– Кезінде Әзілхан Нұршайықов: «Есләм Зікібаевтің 3 қырын жақсы білемін» деген. Адал болғаны соншалық, біреудің ала жібін аттамаған. Пәктігі соншалық, біреуге жабылған жаланы өзіне алады. Патриоттығы соншалық, бір былғаттаса, өзін жамандағандай сезінген.
С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ақынның қаламынан туған кітаптардың көрмесі бастау алды.
Маржан Касымбек