Құқық қорғау органдары

Барымташылар құрықталды

Жақында Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылының тұрғыны сиырының ізім-ғайым жоғалғанын айтып, полицияға жүгінген. Құқық қорғаушылар жедел іздестіру шарасына кіріседі. Нәтижесінде ұрлық жасалғаны анықталады. Көп кешікпей іске қатысы бар деген күдікпен 23, 21 және 20 жастағы жергілікті жігіттер ұсталады. Олардың біреуі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Тергеу кезінде күдіктілер кінәларын мойындады. Айтуларынша, олар мамырдың 22-сіне қараған түні байлаулы тұрған ірі қараны қолды қылып, аудан орталығының тұрғынына 100 мың теңгеге өткізіп жіберген. Ал сатып алған адам сиырды сойып, етін Көкшетау қаласында саудалаған. Ұрланға малдың иесіне келген шығын 250 мың теңгені құрайды. Бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барымташылар қамауға алынды. Заңның ала жібін аттағандар 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан облыста мал ұрлығының 14 фактісі тіркеліп, 13-і ашылған.

 

 

 

Байболат Култанов