Балалар

“Daryn.Online” платформасының қызметі жаз бойы тегін болады

Мерекеде ұл-қыздар мәз-мейрам. Оқушылар сарайына жиылған балалардың көңілін көтеру үшін ұйымдастырушылар түрлі ойындар әзірлепті. Балғындар асыр салып болған соң залдағы орындықтарға жайғасты. Оларға арнайы мамандар “Daryn.Online” платформасы жайлы баяндамақ.
Бұл қосымшаның өз ерекшелігі бар. Оның көмегімен балалар жазғы демалыстарын пайдалы өткізе алады.

Нұргүл Болатова – “Daryn.Online” платформасының аймақтық өкілі:

– Бүгінгі мерекеде біздің аймақтық филиал ашық есік күнін ұйымдастырып отыр. Мақсатымыз – “Daryn.Online” платформасы жайлы баяндау. Қосымшада толық мектеп бағдарламасы екі тілде ұсынылған. Онымен кез келген уақытта танысуға болады. Сондай-ақ, платформада ҰБТ-ға да дайындалуға болады. Тіл үйреніп, шешендік өнерді дамыту мүмкіндігі қарастырылған.

Венера Миннемуллина биыл 4-ші сыныпты тәмамдапты. Ол бос уақытында ағылшын сөздерін үйренумен айналысады екен. Сондықтан, “Daryn.Online” платформасы – жеткіншек үшін тапсырмас құрал. Оны енді Венера өзінің ұялы телефонына жүктеп алмақшы. Айта кету қажет, жазғы уақытта аталған қосымша тегін жұмыс істемек.

Венера Миннемуллина – Н.Крупская атындағы №10 мектебінің оқушысы:

– Жазғы демалысымды әдетте ата-анаммен серуендеп, достарыммен ойнап өткіземін. Бүгінгі кездесуде тамаша платформамен таныстым. Оны жүктеп алып, бос уақытта түрлі пәндерді оқуға болады, тіпті сауатты жазу машығын қалыптастыруға болады. Келешекте ағылшын тілін жетік меңгергім келеді.

Аталған платформа ел көлемінде 2019 жылдан жұмыс істеуде. Қазіргі таңда 3,5 млн-нан астам қолданушысы бар. Оның 11 мыңнан астамы – теріскейлік жастар. Бір уақытта қосымша 1 млн адамға қызмет көрсетуге қауқарлы.

 

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев