Білім

Өңірде 500-ге жуық адам “Еңбек” бағдарламасы аясында курстан өтіп жатыр

Қала тұрғыны Нұрлан Жұмабек – мамандығы бойынша заңгер. Осы салада 2-3 жыл бойы жекеменшік мекемелерде еңбек еткен. Алайда, табысы аз болғандықтан кәсібін өзгертуді жөн көреді. Жұмыспен қамту орталығынан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы естиді. Көп ойланбастан қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жазылады. Қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандықтардың бірі – құрылыс бағытын таңдапты.

Нұрлан Жұмабек – қала тұрғыны:

– Облыс орталығы кеңейіп, дамып келеді. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп отыр. Осы саланың мамандарына сұраныс көп, жалақысы да көңілден шығады. Кірпіш қалаушы мамандығын меңгергім келді. Қосымша білім алған аздық етпейді. Сәуірдің 17-сінен бастап 1 ай бойы Петропавлдағы құрылыс-экономикалық колледжінде оқыту курстарынан өттім. Оқытушылар бізге барлығын теория жүзінде түсіндірді.

Құрылыс саласынының қыр-сырын теория жүзінде меңгерген Нұрлан мамыр айынан бастап кәсіптік тәжірибеден өтіп жатыр. Осы мақсатта«Альфа-Север» серіктестігіне жіберіліпті. Қаласа, кейін осында тұрақты жұмыспен қамтылады. Қызметтік дағды мен машықты қалыптастырып болғаннан кейін білімін тиянақтау үшін колледжде емтихан тапсырады. Айта кеткен жөн, биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 500-ге жуық солтүстікқазақстандық оқытудан өтіп жатыр. Оның 200-ден астамы құрылысшы мамандығы таңдаған екен.

Гүлнәр Шәймерденова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарының қатысушыларына ай сайын 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы мен материалдық қолдау ретінде 32 мың теңге көлемінде қаражат төленіп отырады. Курстың ұзақтығы меңгеріп жатқан мамандықтың түріне байланысты 3 айдан 6 айға дейін өзгеріп тұрады. Барлығы – 20 мамандық.

Соңғы 3 жылда өңірде 6400-ден астам адам «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткен. Соның 70 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған.

 

 

 

Алтынай Казиканова