Білім

Петропавлда жазғы мектептер жұмысын бастады

Сағат таңғы 8-дер шамасы. №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінінде жазғы мектептің алғашқы күні салтанатты түрде басталды. Талантты ұл-қыздар сабаққа кіріспес бұрын би билеп, ән шырқады. Кейін, сыныптарға тарасты. Мұнда маусымның 19-шы жұлдызына дейін 200-ге тарта шәкірт білімдерін толықтырмақ. Араларында 5-ші сынып оқушысы Әйгерім Сүлейменова да бар. 11 жастағы қылықты жеткіншек қашықтықтан оқыған кезде біраз қиындықтарға тап болдым дейді. Сөзінше, жаңа тақырыптарды түсінбей қалатын, интернет жұмыс істемеген кезде сабақтарды мүлде өткізіп алатын сәттер болған.

Әйгерім Сүлейменова – №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Жазғы мектепте үлгерімімді жақсартуым керек. Қашықтықтан оқу кезінде математика, орыс тілі мен ағылшын тілі пәндерінің кейбір тақырыптарын түсінбей қалдым. Мұнда келесі оқу жылына алдын ала түпкілікті дайындалуға да мүмкіндік бар әрі уақытымды достарыммен бірге өткіземін.

Жазғы мектеп ұйымдастырудағы басты мақсат – қашықтан оқыған кезде жаңа тақырыптарды түсінбеген оқушылардың үлгерімдерін жақсарту. Сабақтар таңғы 9-дан түскі 1-ге дейін өткізіледі. Әр сабақ 40 минуттан. Жазғы мектепте журнал жүргізілмейді. Яғни баға қойылмайды, үй тапсырмасы берілмейді. Киім үлгісі – еркін. Сондай-ақ, оқушылар мектеп асханасынан тамақтанады.

Әйгерім Уәлиева – №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің директоры:

– Жазғы мектеп екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші, оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылады. Екіншіден, олимпиадалық резервке кіретін оқушылармен жұмыс жүргізу үшін қарастырылған.

“әл-Фараби” мектеп-лицейінде де жазғы мектеп ашылды. Оған 90-ға жуық баланың ата-анасы қатысуға өтінім берген екен. Аталған білім ұясында бүгіннен бастап 5-сыныптың ұл-қыздары оқытылуда. Анеля Оразбаева кеше ғана 5-ші сыныпты тәмамдапты. Жеткіншек жазғы демалысқа шыққанымен тынығуға, жақындарымен қыдыруға асықпаған. Ол сыныптастарымен бірге жаз мезгілінде де білім алуға ниет танытқан.

Анеля Оразбаева – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің оқушысы:

– Бүгін жазғы мектептің алғашқы күні. Қашықтықтан оқыған кезде кейбір пәндерден түсінбеушілік болды. Сондықтан, жазғы мектепке келіп, түсінбеген жерлерімді түсініп, білімімді арттыру мақсатында келдім.

Жалпы, бүгіннен бастап өңірде 350-ден астам білім ұясында жазғы мектеп жұмыс істеп жатыр. Ата-аналардың өтініштері бойынша жаз мезгілінде 18 мыңнан астам оқушы білімдерін толықтырмақ.

Дана Ешкенова