Білім

Пән мұғалімдерінің қауымдастығы оқу жылын қорытындылады

Бастауыш, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих пен география, химия мен биология. Оқу жылында әрбір пән бойынша ұстаздардың енгізген жаңашылдықтары ұшан-теңіз. Мәселен, химия мен биология пәндерінің мұғалімі Ақмарал Ипова функционалдық сауаттылықты дамытуға ерекше мән береді. Себебі, реагент, жасуша, кірпікшелі кебісше дегендерді оқушылар жай түсіндіргенде меңгере алмаулары мүмкін. Сондықтан, жаңа тақырыпты барынша өмірлік мысалдармен бекіту керек дейді 22 жылдық тәжірибесі бар педагог.

Ақмарал Ипова – Благовещенка жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеушісі, Жамбыл ауданы:

– Функционалдық сауаттылық деген – мектепте алған білімді өмірде қолдана алу. Мысалы “Ханзадалар ауруы” деген тапсырма бар. Оның негізінде біз 7 атаға дейін қан араластыруға болмайтындығын түсіндіреміз.

Мектепке дейінгі білім беру саласында да жаңашылдықтар аз емес. Тәрбиешілер бүлдіршіндерге тәлім беруде барынша заманауи әдістерді қолдануда. Сондықтан, педагогтар қауымы жиі облыстық семинарлар өткізіп, саладағы проблемаларды талқылайды. Туындаған мәселені шешу жолын іздестіріп, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Осындай кездесулер әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасарын шабыттандырған көрінеді. Бақыт Ғабдуллинаның балабақша тәрбиеленушілеріне арналған экологиялық тәрбие бойынша бағдарламасы республика көлемінде үздік деп танылыпты.

Бақыт Ғабдуллина – облыстық әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– “Жер – ортақ үйіміз” атты оқу бағдарламасын ұсындым. Еңбек балаларды экологиялық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған. Мұнда әрі теория, әрі практика бар. Тәрбиешілер жобаны қолдана отыра балғындардың экология туралы түсінігін кеңейтіп, қоршаған ортаға қақморлықпен қарауға баулиды.

Шара соңында жергілікті жерде білім беру сапасын арттыруға үлес қосқан ұстаздар марапатталды.

Эльмира Садвокасова