Экология

Еріктілер өзен порты аумағын қоқыстан тазалады

Ескі диван, кілем, матрас пен ұсақ-түйек заттар. Бұл дүкендегі тауар емес, қоқыс алаңында жатқан дүниелер. Ескі-құсқы шашылған жер өзен порты аумағынан орын теуіпті. Бірнеше жыл қатарынан жақын жердегі саяжай иелері тұрмыстық қалдықтарын орманға әкеп төгуде. Кейін өздері дабыл қағып, талай рет әкімдік пен волонтерлерден қоқысты жинап берулерін өтінген. Петропавлдықтардың назына еріктілер назар аударды. Жастар шыжыған күнге қарамастан сенбілік өткізуге келіпті.

Антон Шишканов – “JE SKO штабы” ҚБ төрағасы:

– Бүгін 4 бірдей еріктілер ұйымымен бірге сенбілік өткізудеміз. Шара плоггинг форматында өтеді. Яғни, қыз-жігіттер 4 командаға бөлініп, өзара жарысатын болады. Әрбір қатысушыға көлемі 250 келілік 20 қап беріледі. Оны 1 жарым сағаттың ішінде қоқысқа барынша толтыру қажет. Шараның соңында жиналған тұрмыстық қалдықтың салмағы өлшенеді. Ең көп қоқыс жинаған топ жеңімпаз атанады. Жүлдегерлерге электрондық техника дүкеніне сертификат табыс етеміз.

Командалар бөлінді, қаптары – қолдарында, уақыт кетті. “Жасыл ел” жасағы – мұндай акциялардың белсенді қатысушылары. Іске бірден кірісті. 1 минут өтер-өтпестен екі жігіт жол жиегінде жатқан қоқысты екі қапқа салып тастады. Кейін орманға ойысты. Мұнда жайылған қалдықтан аяқ алып жүргісіз. Өз тобын алға жетелеу үшін Карина Шәйкенова да тырысып бағуда.

Карина Шәйкенова – “JE SKO штабы” ҚБ мүшесі:

– Өз басым мұндай акцияға бірінші рет қатысудамын. Шараның маңызы зор. Табиғат пен қоршаған ортаны біз қорғамасақ, кім қорғайды? Сол себепті, достарымызбен аумақты қоқыстан тазартуға келдік. Өзге де қала тұрғындарын сенбіліктерге белсене қатысуға шақырамын.

Табиғат жанашырлары бір жарым сағат ішінде барлық қаптарды қоқысқа толтырды. 4 команда бірігіп өзен порты аумағынан 700 келіден аса қатты тұрмыстық қалдық жинапты. Аптап ыстықта ерінбей еңбек еткен еріктілер мақтауға тұрарлық. Ал сол қоқысты шашуда алдына жан салмайтын тұрғындарға бұл – сын.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова