Көлік және жолдар

Петропавл көшелерінде белгі салу жұмыстары жүргізілуде

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Термопластик ұзақ уақытқа төзімді келеді. Яғни, жол үстінен тез өшіп кетпей бірнеше жыл жата береді. Мұндай әдіс Петропавлда алғаш рет осыдан 4 жыл бұрын қолданылған екен. Қазір мердігерлер қос жолақты таңбаларды мынадай 200 градуста қыздырылған материалмен салып жатыр. Биыл оның түсі пилоттық режим ретінде сарыға ауысты. Әзірге, Сәтпаев көшесінде ғана.

Сары түс көзге жақсы көрінеді. Қысы ұзақ, қары мен бораны қалың Петропавл үшін мұндай белгілердің көп болғаны дұрыс дейді көлік жүргізушілері.

– Сары түсті жолақтар еліміздің үлкен қалаларында көп кездеседі. Петропавлда да пайда болып жатқаны қуантарлық жайт. Барлық көшелерге сызса жақсы болар еді.

– Ақ түсті жолақ тез кірлейді. Жаңбыр жауып, саз болған кезде мүлдем көрінбей қалады. Байқамай дөңгелегім сызықтан асып кетіп айыппұл да төлеген кез болды.

Термопластиктен құйылған сары түсті жолақ тек күндіз емес, түнде де көзге өте жақсы көрінеді екен. Мамандардың айтуынша оның үстіне әйнектен жасалған ұсақ түйіршіктер себіледі. Ол күн батқан кезде көліктің шамына шағылысып жарқырай түседі.

Юрий Зартдинов – «Дорсигнал» ЖШС директорының орынбасары:

–  Қазіргі күні біз 15 көшеге термопластиктен ақ түсті жолақ салдық. Бүгін Сәтпаев көшесінің бойында пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Егер сары түс көлік жүргізушілерінің көңілінен шығып жатса алдағы уақытта қозғалысы көп жолдардағы барлық белгілдерді осындай еуростандарт бойынша сызатын боламыз.

Сондай-ақ, тұрғындар жол бойында өсірілген талдардың қозғалысқа кедергі келтіретінін айтты. Сөздерінше жол бойымен жағаласа өскен жасыл желектің кесірінен сол жақта келе жатқан көліктер көрінбей қалады екен. Салдары апатқа әкеп соқтыруы мүмкін дейді жерлістеріміз.

– Жасыл бұтақтар бір жағынан әдемі. Екінші жағынан жолдағы көліктерді көрсетпей тастайды. Кейде велосипедпен келе жатқан адамдар болады.

– Жаяу жүргіншілер жолағына балалар жақындаған кезде оларды көрмей қаламын. Сол үшін абай болу қажет. Біреу жүгіріп шығуы да мүмкін. Өте қауіпті.

Шаһар жолдарында белгі сызу жұмыстары тағы бірнеше аптаға жалғасады. Жұмыстың дені сағат күндізгі 12 мен 1 кездерінде жүргізіледі. Себебі, ыстық термопластикті құю үшін тиісті температураны сақтау керек екен. Ал бояу түнгі уақытта жағылады. Сол себепті, жергілікті әкімдік өкілдері көлік жүргізушілерінен келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларын сұрайды.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан