Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 14-і бүгінде бағаны тұрақтандыру қорымен сатып алынады. Кейін қала бойынша сауда павильондарында арзандатылып сатылады. Бағаның шарықтауы бүгінде тек екі позиция бойынша байқалады дейді мамандар. Атап айтсақ, қант пен күнбағыс майының құнына құн қосылған. Өндіруші кәсіпорын тауар бағасын өткен жылы өнімді аз жинағандықтан көтеріп отыр. Десе де, жергілікті әкімдік сұйықмайдың құнын бекітіпті. Кәсіпкерлер аталған тауарды ең көп дегенде 562 тг-ден ғана сата алады. Алдағы уақытта мұндай шара картоп, қырыққабат пен жұмыртқаға да қатысты қолға алынбақ. Соңғысының бағасы біртіндеп төмендеуде. Өткен жылғы құс тұмауының салдарына қарамастан, қазір өндіріс ошақтарының жұмысы қайта жандануда. Әрі жеке қосалқы шаруашылықтар да жұмыртқаларын саудаға шығарып жатыр. Жұмыртқаны әр сенбі сайын “Дария”, “Алтын Арман” мен коммуналдық базарда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен алуға болады. Мұнда облыстың түкпір-түпкірінен бағасы арзандатылған сүт пен ет өнімдері де жеткізіледі.
Медет Оспанов – СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Нан бағасы бойынша жағдай тұрақты. Бізде үлкен ұн өндіру кәсіпорны бар. 2019 жылдан бері сол кәсіпорынмен жұмыс істеп жатырмыз. 2020-2021 жылдарға 3 мың тонна сатып алдық. 2400 тоннасы наубайханаларға таратылды. Қалған 600 тоннасын “Богатырский продукт” серіктестігіне рожки істеуге бердік.
Эльмира Садвокасова