Спорт

Петропавлда “Fitness Park KZ” жобасы аясында бұқаралық жаттығу ұйымдастырылды

А.Винокуров спорт сарайына 50-ге жуық қыз-жігіт жиналды. Барлығы “Fitness Park KZ” республикалық жобасы аясында әзірленген жаттығу бағдарламаламасымен танысып, денелерін шынықтыруда. Жастардың арасында кәсіби спортшылар да бар. Солардың бірі – жергілікті “ESIL-SK” волейбол клубының мүшесі Эдуард Погребняк. 24 жастағы спортшы бала кезінен салауатты өмір салтын ұстанады. Сондықтан да осындай бұқаралық жиындарға жиі қатысып тұрады екен.

Эдуард Погребняк – “ESIL-SK” волейбол клубының ойыншысы:

– “Fitness Park KZ” жобасының халық үшін маңызы орасан зор. Өз басым бұқаралық спортты қолдаймын. Үйде жай жатқанша, спортпен шұғылданыңыздар! Сергіп қаласыздар әрі қуат жинайсыздар.

“Fitness Park KZ” жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – жастар арасында дене шынықтыру мен спорттың көпсатылы бағдарламасын қалыптастыру. Бастама екі бағытта жүзеге асырылады. Алғашқысы дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған. Яғни, оқытушылар үшін “World Class” атты шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Екіншісі кейінгі буын өкілдеріне арналған. Мұнда жастардың ортасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында арнайы әзірленген жаттығу бағдарламаларының кешені құрылады.

Қанат Сәдуақасов – Дене шынықтыру, спорт және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

– Осындай жоба бізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жобаның қатысушылары – 14-29 жастағы жастар. Жалпы, жобаға кез келген адам қатыса алады.

Айта кетейік, “Fitness park KZ” жобасы аясында еліміздің барлық аймағында бұқаралық жаттығулар мен шеберлік сағаттары өтеді деп жоспарланған. Бағдарлама 2 күнге қарастырылған. Аққайыңдар өлкесінен кейін жоба ұйымдастырушылары Ақмола облысына ат басын бұрмақ.

 

 

 

Дана Ешкенова