Құрылыс

Петропавлдағы 900 орынға арналған мектеп күзде тапсырылады

Уәлиханов көшесінің бойында салынып жатқан қазақ мектебінің құрылысы осыдан 2 жыл бұрын басталған еді. Қазіргі күні жұмыстың 90 пайыздан астамы тәмамдалып қалған екен. Әрлеуші мамандар ғимараттың қасбеті мен ішкі қабырғаларын сылап жатыр. Негізі шаруаны былтыр бітіруге болар еді пандемия болмағанда. Эпидемиологиялық ахуал жұмысты біраз тежеді дейді әрлеу ісінің шебері Эвалдас Галинскас.

Эвалдас Галинскас – әрлеу шебері:

– Шаруа толығымен аяқталуға жақындап қалды. Әрлеу жұмыстарын былтыр бастаған едік. Енді ғимараттың іші-сыртын бояу қажет. Ғимараттың түсі қандай болатыны әлі белгісіз. Жақында білім басқармасының мамандары айтулары тиіс. Істі ай соңына дейін аяқтауға тырысамыз.

Мектеп 900 орынға шақталған. Яғни, оның өзі 3 блокқа бөлінген. Екеуінде оқушылар білім алса, ортасында спортзал, асхана мен акт залы орналасқан. Нысанның ішіне электр мен жылыту желілері, су мен желдету жүйесі тартылып қойған.

Мурат Харсиев – «Құрылыс-Сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Бұл жобаға жергілікті және республикалық бюджеттен 1 млрд 680 млн теңге бағытталды. Бүгінде қаржының 95 пайызы игерілді. Биыл мектеп оқу жылына толығымен дайын болады. Яғни, нысанды қыркүйек айында қолданысқа тапсырамыз. Құрылысқа отандық материалдарды ғана қолдандық.

Сондай-ақ, мектептің маңы да абаттандырылады. Болашақта мұнда баскетбол мен футбол алаңдары салынбақ.

 

 

 

Бердимурат Баймухан