Сәлтай Өмірзақова зейнет жасына дейін жұмыс талғамаған, талай істің басын қайырған. Колхоз уақытында сауыншы боп жұмыс істеп, ерте жастан еңбекке араласқан. Ал қазіргі таңда 90-ды алқымдаған апамыздың жүріп-тұруы қиындаған. Үй-шаруасы, тыстың жұмысы. Бұрынғыдай шаруа істеуге әл-қуаты жоқ. Қарайласатын балалары шетте, отау құрып, бөлек шыққан. Ал, жолдасы болса осыдан 15 жыл бұрын дүние салған екен. Сәлтай Ғалиқызына еріктілер, жаны жайсаң азаматтар келіп көмектесіп тұрады екен.
Сәлтай Өмірзақова – қала тұрғыны:
– Жұмасына екі рет соцзащита келіп, суымды кіргізіп, сәкімді жуып береді. Жарықтың ақшасын барып төлеп келеді. Көмектеседі жігіттер де, қыздар да. Азғантай ғана бақшам болған, шөп өсіп кетті, оны баптауға күшім жоқ, бүгін соған картоп отырғызайын деп едім.
Сәлтай Өмірзақованың бақшасына картоп егіп, үйіне суын тасып беруге бүгін “Jasyl El” жасағының мүшелері келді. Қолдарында күректері бар жастар бірден іске кірісіп кетті. Шаруаны атқарып жүрген Мират Нукусбаевтің айтуынша олардан көмек қолын сұрайтындар көп. Жәрдемге зәру қариялардың өтініштерін еріктілер жерде қалдырмай, әп-сәтте барып, көмек қолдарын созады екен.
Мират Нукусбаев – “Jasyl El” жасағының сарбазы:
– Көмекті қарттар қалалық әкімдіктен сұрайды. Кейін қалалық әкімдік өкілдері бізге көмекке мұқтаж жандардың мекен-жайын береді. Біз барып үйін жинастырып, ауласын тазалап береміз. Күзде отын, көмірін кіргіземіз. Ал қыста қарын күрейміз. Азық-түлік керек болса оны да жеткізіп береміз. Осы аптада екі адамға жәрдемдестік.
Көмек пен күтім егде жастағы адамдарға қашан да керек. Жыл басынан “Jasyl El” жасағының сарбаздары қалада 30-дан астам қартқа қол ұшын созған екен.
Алдияр Айтпаев