Аққайыңда атқарылған шаруа шаш етектен. Себебі, аудан басшысы Рүстем Елубаев 11 беттен тұратын баяндамасын 20 минуттан аса оқыды. Алдымен атқамінер ауыл шаруашылығындағы статистиканы жіпке тізді. Былтыр агросектордағы жалпы өнімінің көлемі 44 млрд теңгеден асып жығылған. Жоғары көрсеткішке қол жеткізуге – бітік шыққан астық себеп. 2020-да диқандар көңіл көншітерлік көлемде өнім орған екен.
Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:
– 2020 жылы аудан бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 157 мың га алқапта жиналды. Аудан бойынша өнімділік 17,1 ц/га құрады. 39,2 мың га алқаптан майлы дақылдар жиналды. Өнімділік аудан бойынша 9,6 ц/га құрады. 2021 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарының алдын ала құрылымы 211,6 мың гектарды құрайды.
Мұнымен тоқтап қалмау керек. Биыл да қамбаны көл-көсір алтын дәнге толтыру жоспарланып отыр. Ол үшін минералды тыңайтқыштар сатып алынбақ. Бүгінге дейін 10,3 мың тонна өнімге келісім-шарт жасалып қойыпты. Осы орайда былтыр аққайыңдық іскер жандар 6,4 мың тонна көлемінде препарат қолданғанын айта кетейік. Сүт пен ет өндіру бойынша да өсім қамтамасыз етілген. Алғашқысы бойынша – 10,3%, ал екіншісі бойынша 3% оң динамика байқалады. Енді мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану жайына ойысайық. Рүстем Елубаев мынандай ақпармен бөлісті.
Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:
– “Қарапайым заттар экономикасы” жеңілдікпен несие беру тетігі шеңберінде 2020 жылы 7 жоба қаржыландырылды. Жалпы сомасы 903 млн теңгені құрайды. Ағымдағы жылы сомасы 80 млн теңгеге 2 жоба қаржыландырылды. 24 жұмыс орны құрылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 180 млн теңге сомасына 52 несие берілді.
2020 жылы Аққайың ауданында “Бастау Бизнес” бағдарламасы бойынша 42 адам оқудан өтіпті. Биыл да осынша жанды кәсіпкерліктің қыр-сырына баулу жоспарланып отыр. Атқарылып жатқан жұмыстың барлығы 1389 тұрғынды еңбекпен қамтуға мүмкіндік бермек. Оның 590-ы
жаңа жұмыс орындарына орналастырылмақ. Үстіміздегі жылы білім беру бағытында да біраз шаруа тындырылмақ.
Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:
– Биылғы жылы Тоқшын мектеп-гимназиясының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Біз Смирново ауылында қазақ тілінде оқытатын 350 орындық жаңа мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастадық. Полтавка ауылында “Полтавское” ЖШС күшімен 45 орындық толық күндік шағын орталығының құрылысы басталды.
Теріскейліктерді жол мәселесі толғандыратыны жақсы мәлім. Былтыр Аққайың ауданында бұл бағыттағы біраз түйткілді сұрақ шешімін тауыпты. Проблемаларды біржақты етуге әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестіктер септескен екен.
Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:
– 2020 жылы “Дайындық Агро” ЖШС өз қаражаты есебінен Дайындық ауылынан Ленинский ауылына дейін ұзындығы 4,5 км асфальт төсеу жұмыстарын жүргізді, “Полтавское” ЖШС Полтавка ауылындағы көшені күрделі жөндеуден өткізді. Елбасының “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасы аясында Полтавка ауылының жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Үстіміздегі жылы жолдарды жөндеу жұмыстары жалғаспақ. Мәселен, Смирново-Қиялы бағытындағы трассаның 4,800 шақырымы қалыпқа келтірілмек. Іске 700 млн теңгедей ақша жұмсалады. Болашақта бұл жолдың игілігін халық, оның ішінде қоныстанушылар да көретін болады. Биыл Аққайың ауданы 200 адамнан тұратын 57 отбасыны қабылдамақшы.
Байболат Бектемірұлы:
– Брифинг соңында Рүстем Елубаев мырза БАҚ өкілдерінен жолданған сұрақтарға да жауап берді. Әріптестеріміздің бірі Астраханға селосындағы үйлердің жайын сұраған екен. Естеріңізде болар, былтыр “Астраханкадағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Қоныстанушылар тұрғын жайларын жылыта алмай отыр” деген хабар желіде желдей ескен болатын. Аудан әкімінің сөзінше, бой көтерген 7 баспанаға тексеріс жүргізіліпті. Бәрінен олқылық анықталып, мердігерге хат жолданған. Бүгінгі күні іске жауапты тұлға бұзушылықтардың барлығын жойған көрінеді.
Байболат Култанов