Инвестициялық климаты қолайлы өңір. СҚ қазір қарқынды даму үстінде. Өңірдің қол жеткізген нәтижелері экономиканың әрбір секторы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай. Ал болашаққа жоспар одан да ауқымды. Облысты өркендетуге алдағы 5 жылда барлығы 3,5 млрд АҚШ доллары бағытталмақ. Бұл республикалық, облыстық қазына мен жеке инвестициядан тартылатын қаржы дейді Құмар Ақсақалов. Білім беру саласындағы өзгерістер тіптен бөлек әңгіме. Жақын болашақта Петропавл студенттер шаһарына айналмақ.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз университеттің болашақ кейпін тек маман даярлайтын орын емес, Қазақстан мен жақын шетел жастарының шоғырланатын аймағы ретінде елестетеміз. Мұндай дәрежеге сай болу үшін қазір заманауи оқу корпусын тұрғызудамыз. Екі бірдей жатақхана бой көтеруде. Білім ордасын толық жаңғыртудан өткізіп, материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңарту көзделіп отыр.
Бүгінде жергілікті университетте 7,5 мың студент болашақ мамандықтарының қыр-сырын меңгеруде. Мақсат – межені 10 мың білім алушыға дейін жеткізу. Жоспарды іске асыруға Аризона университетімен орнайтын әріптестік септеспек. Оқу ордасының негізі 1885 жылы қаланған. Содан бері миллиондаған нағыз білікті маман дайындаған. Бүгінде АҚШ университеті әлемдік топ-100 жоғарғы оқу орындарының тізіміне кіреді.
Брент Уайт – Аризона университетінің жаһандық сұрақтар жөніндегі вице-проректоры, АҚШ:
– Аризона – жаһандық университеттердің бірі. Біз әлем бойынша 600-ден аса жоғарғы оқу орнымен әріптестік орнаттық. Мақсат – АҚШ-тағы сапалы білімді барлық жастарға қолжетімді ету. Мұндай мүмкіндікке бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қол жеткізіп отыр. Қыз-жігіттер Аризона университеті оқытушыларының сабақтарына онлайн форматта қосылып, дәріс тыңдай алады.
СҚ университеті болса әріптестіктің кеңейтілген түрін қалайды. Яғни, онлайн дәрістерден бөлек, академиялық ұтқырлық пен қосдипломды білім беру жүйесін де қарастыруда. Бастаманы іске асыру үшін жергілікті әкімдік барлық жағдайды жасауға дайын. Шетелдіктер де өз жоспарларымен бөлісті. Аризона университеті білім берумен ғана шектелмек емес. Америкалықтарды ақайыңдар өлкесінде өзге де салалар қызықтыруда.
Лизл Фолкс – Аризона университетінің академиялық сұрақтар жөніндегі аға вице-президенті, АҚШ:
– Сіздердің университетті дамытуға байланысты жоспарларыңыз мақтанарлық. Менің ойымша қос тарап арасында орнайтын әріптестік өте нәтижелі болады. Бізді ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, медицина мен фармацевтика салалары қызықтыруда. Алдағы уақытта дәл осы секторға қажет мамандарды бірлесе даярлап, облыс экономикасын дамытуға септесетін ғылыми жұмыстарды да жүргізе аламыз.
Аризона университеті ғылымға зор басымдық береді. Өткен жылы оқу ордасы студенттермен жүргізілген зерттеу жұмыстарына 850 млн АҚШ долларын бөліпті. Жоғарғы оқу орны NASA ғарыш агенттігімен бірлесе бірнеше жобаны қолға алған. Әрі жоғарғы оқу орнында 3 Нобель және 2 Пулитцер сыйлығының иегерлері еңбектенуде.
Эльмира Садвокасова