Орталық саябақта вакцинация жүргізетін мобильдік топ жұмысын бастады

COVID-19: Қазақстан

0:13 7 Мамыр 2021

Орталық саябақта вакцинация жүргізетін мобильдік топ жұмысын бастады. Мұнда мамандар кез келген жанды қабылдап, арнайы тексерістен кейін екпе салады. Бұдан бөлек осы күндері дәл осындай пунктер қаламыздың Береке мен 20-шы ықшам ауданында жұмыс істеуде.

 

Қала тұрғыны Екатерина Аверина СOVID-19-ға қарсы екпе алуды бұрыннан ойлап жүріпті. Бірақ, сәті түспеген екен. Егу пункінің алыстығы, үйдегі шаруа, тағысын-тағы мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік бермеген көрінеді. Бүгін зейнеткердің үйінің жанына мобильдік топ тұрақтады. Мұны естіген кейуана вакцина салдыруға келіп отыр. Жанында құрбысы да бар.

Екатерина Аверина – қала тұрғыны:

– Бұған дейін вакцина алу үшін емханаға тіркеуге тұрғам, бірақ, ол кезде қолым босамай, бара алмадым. Бүгін міне екпе қабылдамақшымын. Ешқандай қорқыныш жоқ. Себебі, мамандарға сенемін.

Екатерина Аверина екпе алған мобильдік топ өз жұмысын бүгін бастады. Мамандар халық көп жүретін орталық саябақта тұрақтаған. Таңнан бері мұнда 27 теріскейлік келіпті. Оларға «Спутник-V» вакцинасы салынған. Келгендердің арасында жастар да, орта буын өкілдері де бар екен.

Наталья Туманова – жылжымалы пунктің медициналық тіркеушісі:
–  Жылжымалы пункт таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Көлікте барлық медициналық құрал-жабдық бар. Екпе салмас бұрын келушінің денсаулығын жіті тексереміз, ешқандай кінәрат байқалмаса, вакцина қоямыз. Иммундау шарасына өткен жан біздің қарауымызда 30 минут болады.

Жылжымалы пунктердегі мамандар вакцинаның тек 1-ші компонентін салады. 2-ші компонентін жерлестеріміз өздері тіркелген емханаларда алуы қажет. Айта кету қажет, қазіргі таңда шаһарда 3 мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Біреуі орталық саябақта болса, қалғандары Береке мен 20-шы ықшам ауданда орналасқан.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Қазақстанда вакцинаның 4 түрі қолжетімді
Қазақстанда вакцина алғаннан кейін 4 адам көз жұмған
Короновирустың таралу қарқыны бәсеңдеді
“Аshyq” қосымшасының қызметі
Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
СҚО-да соңғы тәулікте 42 адам коронавирус жұқтырып алды
Коронавирустың таралуының 3 сценариі бар
СҚО-да соңғы тәулікте тәжді вирус 23 адамның бойынан табылған
Өткен тәулікте 41 солтүстікқазақстандық инфекция жұқтырған