Ерліктеріне мың тағзым! “Есіл судың” жергілікті филиалының өкілдері ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. 1941 мен 45-ші жылдары Отан үшін күрескен 300-ден аса жауынгер дәл осы кәсіпорында еңбектеніпті. Өкінішке қарай, бүгінде олардың арасынан 2 майдангер мен 3 тыл еңбеккерінің ғана көзі тірі.
Жеңіс таңы атқаннан бері 76 жыл өтті. Бірақ, сол отты жылдардың әрбір отбасыға қалдырған жарасы әлі жазылған жоқ. Қан майданды өз көзімен көріп, қолына қару алып, фашистермен соғысқандардың саны да жыл санап азайып барады. “Есіл су” филиалы залының бірінші қатарында бүгін тек екі ардагер отыр. Қастарына жеңіс күнін жақындату үшін тылда еңбектенген қариялар мен интернационал-жауынгерлер жайғасқан. Әрбіреуінің басына түскен қиын кезең туралы өз айтары бар.
Василий Макиенко – Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Мен әскер қатарына 1943 жылы шақыртылдым. 142-ші атқыштар полкі, 5-ші атқыштар дивизиясы, үшінші Беларусь майданына түстім. Бұл – Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең қиын кезеңдердің бірі еді. Алғашқы ұрыс есімде. Қатты қорықтық. Бірақ, кейін үйренуге тура келді. Күн-түн демей жауға тойтарыс беріп, Шығыс Пруссияға дейін жеттік. Ал қан майданды Кенигсберг қаласында аяқтадық.
Майдангердің кеудесін көмкерген медальдердің бірі дәл осы Кенигсберг қаласын азат еткені үшін берілген. Қасында “Германияны жеңгені үшін” медалі мен 2-ші дәрежелі Отан Ордендері ілінген. Василий Макиенко ұрыс даласында өткен 2 жыл уақыты туралы көп айтпады. Себебі, сол отты жылдарға қайта оралғысы келмейді. Ал алғашқы Жеңіс күні мен содан кейінгі өмірі жайлы қуана-қуана баяндады.
Василий Макиенко – Ұлы Отан соғысының ардагері:
– Соғыс аяқталғанда әуе-десанттық әскеріне қабылдау жүріп жатты. Мен ойланбастан келісіп, 5 жыл бойы Беларусь елінде қызмет еттім. Осы аралықта 75 рет парашютпен секірдім.
Василий Макиенко Беларусь елінің Витебск қаласында жан жарын кездестіріп, 71 жыл бұрын отау құрған. Бүгінде ерлі-зайыптылардың 3 қызы, 5 немересі мен 6 шөбересі бар. Мереке қарсаңында “Есіл су” филиалының өкілдері ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сияпат тарту етті.
Эльмира Садвокасова