Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің жергілікті департаменті 1-ші тоқсанды қорытындылады.
4 ай ішінде энергетикалық қадағалау саласының мамандарына 30-ға жуық өтініш келіп түскен. Арыздардың басым көпшілігі электр желілері өтетін аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысты. Ведомство өкілдері өтініштердің барлығын қарастырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берген. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында арнайы топ жоспардан тыс 2 тексеріс жүргізген. Былтыр Қызылжар ауданына қарасты Белое селосының тұрғыны Электр желістік тарату компаниясының рұқсатынсыз солардың иелігіндегі электр желісінің астында құрылыс жұмыстарын жүргізген көрінеді. Кейін энергетикалық қадағалау саласының мамандары бұған қатысты тиісті ұйғарым жазып берген. Алайда, ер адам ол ұйғарымға мән бермей, құрылысты тоқтатпаған. Бұған мамандар келесі тексеріс барысында көз жеткізеді. Ақыр соңында әкімшілік іс қозғалып, тұрғынға 10 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Ал екінші жағдай ірі кәсіпорынға қатысты.
Жәмила Әбдіқасымова – ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы:
– 2020 жылдың тамыз айында “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-да жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде біршама күрделі бұзушылықтар анықталды. Оларға да ұйғарым беріліп, 2021 жылдағы жартыжылдықтың тексеріс тізіміне іліккен болатын. 2-ші рет тексеріс кезінде олар барлық олқылықтарды жойған.
Дана Ешкенова