Облыста 10 күннің ішінде 29 өрт оқиғасы тіркелді. Соның бірі мамырдың 2-сі Қызылжар ауданына қарасты ЖелякОво селосында болды. Елді мекендегі 6 баспана санаулы минуттарда отқа оранып, толығымен жанып кеткен. Салдарынан 3 отбасы үй-күйсіз қалып отыр.
Өрт туралы хабар 101 нөміріне мамырдың 2-сі түскі бір жарым кезінде келіп түскен. Оқиға орнына құтқарушылар жарты сағаттан соң жетіпті. Оған дейін отпен жергілікті атқарушы билік өкілдері арпалысқан. Жалпы, қызыл жалынды сөндіруге 15 бірлік техника мен 50 адам жұмылдырылды. Тілсіз жау кешкі сағат 6-да ауыздықталып, 8 жарымда сөндірілді. Бәленің барлығы елді мекеннің шетінен шыққан.
Аслан Ахметжанов – Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
– Елді мекеннің шетінде тұрғындардың бау-бақшалары болыпты. Әрі қатты тұрмыстық қалдықтарды осы маңға төккен. Алдын ала болжам бойынша құрғақ шөп пен қоқысты бәзбіреу жағып жіберген. Қатты желдің салдарынан от баспаналарға қарай жылжыған. Алдымен қызыл жалын схемадағы бірінше үйді шарпыды. Нысанда ешкім тұрмаған.
Бірақ, тілсіз жау санаулы минут ішінде қасында орналасқан өзге де нысандарға ауысқан. Осылайша, қатарынан 5 үй отқа оранды. Қатты желдің бағыты өзгеріп тұрғандықтан, қызыл жалын көшенің арғы бетіне де жылжыпты. Ақыр соңында 6 баспана мен екі тұрмыстық құрылыс нысаны күлге айналды. Олардың үшеуінде адамдар тұрған. Тұрғындар өртпен арпалысу былай тұрсын, өздері әзер дегенде аман қалған.
Аслан Ахметжанов – Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
– Тұрғындарға келтірілген материалдық шығын 8,5 млн теңгені құрайды. Қызыл жалыннан елді мекендіктердің ірі қарасы, шошқа мен құстары да мерт болды. Зардап шеккен азаматтардың үйлері 500-700 мың теңге көлемінде бағаланды. Қазір екі жанұя осы ауылдан жаңа баспана алуды көздеп отыр. Ал бір қария Аққайың ауданындағы қарттар үйіне жайғастырылады.
Мерт болған мал-құстың саны 70-тің шамасында болуы мүмкін. Қазір зардап шеккен тұрғындар уақытша туған-туыстарын паналауда. Оларға солтүстікқазақстандықтар жан-жақтан материалдық қолдау жеткізілуде. Ал жергілікті әкімдіктен отбасыларға 100 АЕК, яғни 300 мың теңге шамасында қаражат бөлінеді. Жанып кеткен үйлердің құны қайырымдылықтан түскен қаржыдан өтелуі тиіс дейді мамандар. Ұқсас жағдай Петропавлдағы Былғары зауыты кентінде орын алды. Мұнда да құрғақ шөп жанып, тілсіз жау 3 гектар жерге жайылды. Өрт сөндірушілер отпен 2 сағат бойы арпалысқан. Бірақ, өкінішке қарай ықшам аудан шетіндегі бір тұрғын үй мен екі тұрмыстық нысан жанып кетті.
Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:
– Жыл басынан өңірде барлығы 235 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалын 28 солтүстікқазақстандықтың өмірін жалмады. Тағы 34 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Жалпы материалдық шығын – 97 млн теңге. Облыс бойынша 46 мобильдік топ құрылды. Олар күнделікті рейд өткізіп, отқа немқұрайлы қарайтын жандарды анықтауда. Бүгінге дейін 20 әкімшілік хаттама толтырылды.
Күн жылып, жер құрғағалы өрт саны тіпті көбейген. Себебі, тұрғындар өткен жылғы шөпті жағуға кірісіпті. Бірақ, әдетте жел екпіні қатты болғандықтан тұрғындар отқа ие бола алмай қалады. ТЖД мамандары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін айтты.
Эльмира Садвокасова