Билік

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтті

Кеше елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтті. Алқалы жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея төрағалығынан кететіні жөнінде шешімін айтты.

Осылайша, бұл қызметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырды. Және барлық сұрақтар бір қолда болу керек деді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Ассамблея мүшелері мен Елбасыға алғысын білдірді. Айтуынша, бұл – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Қазір өзге мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Сондай-ақ, Қазақстан 30 жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл, әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз қажет. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған қазіргі күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір Ел, бір Ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс.

 

Дана Сәлімқызы