МТРА жаңалықтары

Мұғалімдер мен директорларды жұмысқа қабылдау туралы ортақ ереже енгізіледі

Мұғалімдер мен директорларды жұмысқа қабылдау туралы ортақ ереже енгізіледі. Бұл жайында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.

Шолпан Таңатқызының сөзінше, бүгінгі күні педагогтарды жұмысқа қабылдау жөнінде бірізді, ортақ ережелер дайындалып жатыр. Президент тиісті заңға қол қойған. Естеріңізде болар, осыған дейін оқытушыларды мектеп директоры немесе басқа білім мекемелерінің басшылары тек өзінің ғана шешімімен қызметке қабылдайтын. Енді алдағы уақытта мұғалімдер оқу орындарына жалпыға қойылатын талап негізінде қабылданбақ. “Талапта жұмысқа орналасу бойынша нақты критерийлер, яғни үміткерлердің кәсібилігін анықтайтын критерийлер мен жүйені автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр”,- дейді вице-министр. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Шолпан Каринова мектеп директорларын тағайындауға байланысты мәселеге де тоқталды.

Шолпан Каринова – ҚР білім және ғылым вице-министрі:


– Өздеріңізге белгілі мектеп директоры болу үшін нақты ұлттық біліктілік тестілеуінен өткізу қарастырылған. Ол жүйе де мұғалімдердің аттестациясын жүргізу сияқты автоматтандырылған. Осы тестілеуден өткен директорлар ғана тағайындаудың келесі қадамдарына жіберіледі. Оның шекті балы көрсетілген. Директорлардың алған балдары қолжетімді базада сақталып келеді. Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты мектеп директорларының, басқа білім мекемелерінің басшыларын ротациялау ережелері жасалып жатыр. Сонымен қатар, ережеге мектеп директорларына кадрлық резервті тағайындау жұмыстары енгізілді.