Петропавлда Ұлы Жеңіс күніне орай жалпықалалық сенбілік өтті

Аптадағы маңызды жаңалықтар

21:39 26 Сәуір 2021

Петропавлда Ұлы Жеңіс күніне орай жалпықалалық сенбілік өтті. Шараға 3 мың адам қатысып, 1500 тонна қоқыс жинады. Игі бастамаға облыс әкімі Құмар Ақсақалов та ат салысты. Аймақ басшысы биыл жүзеге асырылатын абаттандыру жұмыстарының жоспарымен бөлісті. Ағымдағы жылы шаһарда 7 су жаңа саябақ қолданысқа тапсырылмақ.

 

Қолда – тырнауыш, сыпырғы мен күрек. Петропавлдықтар сенбілік таңды осылай атырды. Демалыс күнінің жартысын қала тұрғындары күзден бері жатқан қоқысты жинауға арнады. Бір мезетте шаһардың жер-жерінде 3 мыңнан аса жерлесіміз іске кірісті. Бірі – үйлерінің ауласын, енді бірі өздері қызмет ететін мекеме маңы мен бекітілген аумақтарды қалдық пен жапырақтан тазартты.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Барлық қала мекемелері сенбілікке шығып жатыр. Осыдан түскен табыстарын қалалық және облыстық ардагерлер кеңесіне аудармақшы. Өздеріңіз білетіндей, ардагерлеріміздің өмір сүру деңгейі барлығында бірдей емес. Жалғызіліктілері бар, сырқаттанғандары бар. Сондықтан, осыдан түскен қаржы тек қайырымдылыққа, ардагерлердің қажеттілігіне жұмсалады деп сендіруге болады.

Жалпықалалық сенбілікке облыс әкімі Құмар Ақсақалов та ат салысты. Өңір жетекшісі қазыналы қариялармен, белсенді жастармен және өнер адамдарымен бірге қазақ театрының артқы жағындағы алаңды қоқыстан тазартты. Алдағы уақытта бұл жерде саябақ орын теппек. 1 гектар аумақ бұрын қоршаулы болатын. Дуалдар жуырда алынып тасталды. Аймақ басшысына қала тұрғындарының бірі әлеуметтік желі арқылы осындай өтінішпен жүгінген еді. Ұсыныс бірден құпталды. Қазір болашақ саябақтың жобасы әзірленуде. Қажетті қаражат бөлініп, құрылысшылар мамыр айында іске кіріспек. Бұл осы жылы атқарылатын жұмыстың бір парасы ғана.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылдың өзінде тағы 7 парк ашатын боламыз. Орталық парк бойынша жұмыстар да жалғасын табады. Өткен жылы пандемияға байланысты шаруа аяқталмай қалды.

Қоқыс пен апаттық жағдайдағы ағаштарға толы болған Қарасай батыр саябағы да адам танымастай өзгерді. Былтыр мұнда спорттық алаңдар орнатылды. Шаруа биыл жалғасын табады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылдың соңында жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Кешкі уақытта да дене шынықтырумен шұғылдануға мүмкіндік бар. Саябақты толығымен бейнекамералармен қамтимыз. Осылайша, тұрғындар үшін ыңғайлы және қауіпсіз спорт аймағы болады.

Береке паркі де кішкентай петропавлдықтар мен олардың ата-аналарының сүйікті орнына айналды. Ойын алаңқайлары, жүгіруге арналған жолақ пен амфитеатры бар саябақ өткен жылы қолданысқа берілген болатын. Жалпы, 2020-да шаһар бойынша 5 саябақ халық игілігіне тапсырылды. Парктердегі абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүргізілмек.

Эльмира Садвокасова

 

Бұдан әрі оқыңыз

СҚО құрметті азаматы Нелли Иванова 80 жасқа толды
Ел Президенті бюджет кірістері мен шығыстарын реттеуді тапсырды
Петропавлдағы ҰҰ ӘИ аумағында 3 жаңа корпус салынады
Көшбасшы партияға қарасты қоғамдық кеңестер құрылды
Кәсіпкерлерге қолдау: 750 млрд теңгенің кредитін төлеу кейінге шегерілді
Ақжар ауданының әкімі атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді
Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер сөз болды
Облыс әкімінің кезекті онлайн-қабылдауы өтті
Петропавлдағы көтерме сауда орталығы басқа жерге көшіріледі
АҚШ-тың Аризона университеті СҚО-мен әріптестік орнатпақ
Облыстың 1-ші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды
Петропавл электротехникалық зауыты биыл іске қосылады