Энергетика

Жарықтың бағасы тағы да көтерілмек

Жарықтың бағасы тағы да көтерілмек. Бүгін “Севказэнергосбыт” серіктестігі Zoom платформасы арқылы онлайн қоғамдық тыңдау өткізді. Жиында электр энергиясына құн қосу мәселесі айтылды.

Соңғы рет монополистер тарифті қаңтар айының 20-сында өсірген болатын. Содан бері жерлестеріміз электр энергиясының 1 кВт-ы үшін орташа есеппен 16 теңгеден төлеп келеді. Енді бұл сома 2 теңгеге артпақ. Араға 3 ай салып бағаны көтерудің өзіндік себебі бар көрінеді. “Севказэнергосбыт” электр энергиясын 2-ші Жылу электр орталығынан сатып алады. Соңғылары жарықтың бағасын сәуірдің бірінен бастап өсіріпті. Бүкіл СҚО-ын қуат көзімен қамтып отырған серіктестік те тарифті арттырмақшы.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:


– Сәуірдің бірінен бастап Жылу электр орталығы жарықтың бағасын 20 пайызға өсірді. Бұрын біз 1 кВт үшін 8,38 теңге төлесек, қазір 10 теңге төлеп отырмыз. Бірақ, тұрғындар үшін электр энергиясының тарифін әлі арттырған жоқпыз. Яғни, осы айда шығынға батып жатырмыз. Шамамен 100 млн теңге көлемінде қаржыдан қағылмақпыз. Сондықтан, солтүстікқазақстандықтарға тарататын жарықтың құнын 12 процентке өсіру туралы ұсыныс тастап отырған жайымыз бар. Тарифтің нақты көлемі сәуірдің 29-ы белгілі болады.

Эльмира Садвокасова