МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Өңірде “Ashyq” қосымшасы пилоттық режимде іске қосылды

Сергей Хан – спортқа ден қойған жерлестеріміздің бірі. Фитнес-орталыққа азамат аптасына кемінде 3 рет келіп, жаттығады екен. Дене шынықтыруды өмір салтына айналдырғанына ұзақ уақыт болыпты.

Сергей Хан:

 – Осыдан бір жыл бұрын қала карантинге жабылғанда фитнес-орталықтардың есігіне құлып ілінді. Шыны керек, не істерімді білмедім. Далаға тек дүкен мен дәріханаға бару үшін шығатынбыз. Физикалық белсенділік деген қалды. Спортзалды қатты сағындым. Қазір қалмай келуге тырысамын. Себебі, өңір тағы да “қызыл” аймаққа еніп, барлық нысандар жабылып қала ма деп қорқамын.

Клиенттерден бөлек, кәсіпкерлердің өзі де карантин қайта күшейтіле ме деп қорқып, тақымдарын қысып отыр. Петропавлдағы қатаң шектеу шаралары кезінде фитнес-орталықтар жұмысын бақандай 4 айға тоқтатты. Іскер жандардың шығынға белшесінен батқандары айтпаса да түсінікті. “Сары”, “жасыл” аймаққа енгеннің өзінде клиенттерді бұрынғыдай 100 пайыз қабылдауға рұқсат етілген жоқ. Сәйкесінше түсетін пайда  ұзақ уақыт тоқырап тұрған бизнес нысандарының жағдайын қалыпқа келтіруге жеткіліксіз. Елімізде осыдан 3 ай бұрын “Ashyq” қосымшасының іске қосылғаны да сондықтан. Жоба пилоттық режимде Қазақстанның бірнеше өңірінде тестілеуден өтіпті. Енді бұл тізімге біздің аймақ да кіруде. Жаңашылдық кәсіпкерлерге қатаңдатылған ережелерге қарамастан шаруаларын жалғастыруға мүмкіндік бермек.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Еліміздің бас санитарының соңғы қаулысына сәйкес, сәуірдің 26-сынан бастап “Ashyq” қосымшасы барлық өңірде іске қосылады. Біз облыста жобаны бүгіннен пилоттық режимде жүргізуді шештік. Апта басында карантиннен қатты зардап шеккен жергілікті бизнес субъектілерін жинап, жаңашылдықтың тиімді тұстарын түсіндірдік. Қазір қосымшаны 60 кәсіпкер өзінде орнатуға келісіп, ниеттеніп отыр.

Келіспегенде ше?! Кәсіпкер бар болғаны арнайы QR-кодты өзінің нысанына орнатады. Келген клиент “Ashyq” қосымшасы арқылы оны сканерлеп, сәйкестендіру нөмірін енгізіп, тіркеуден өтеді. Бағдарламадан азаматтың мәртебесі анықталады. Егер соңғы 2 апта ішінде коронавируспен ауырса, онда қызыл түсті көрсетеді. Соңғы 14 күнде ковид-19-ды жұқтырған адаммен жақын байланыста болса, сары түс шығады. Яғни, кинотеатр, фитнес-орталық, сауна мен монша сынды нысандарға адамға кіруге болмайды. Ал егер көк пен жасыл түс шықса, кіруге рұқсат. Қосымшаның басты артықшылығы – мұнда емес. Бағдарламаны өзінде орнатқан бизнес субъектілері жеңілдетілген ережелер бойынша жұмыс істемек. Мәселен, өңір “қызыл” аймаққа енсе, іскер жандар “сары” аймақтың шектеулеріне бағынады, егер “сары” аймаққа енсе, “жасыл” аймақтың ережелеріне сәйкес еңбектенеді.

Эльмира Садвокасова